Есімі аңызға айналған КЕЙКІ

Ел басына күн туған шақта ұлт бостандығы үшін басын бәйгеге тіккен, қасық қаны қалғанша айқасқан, елі үшін еңіреген ер Кейкі еді. Қызыл империяның солақай саясаты оны халық жауы ретінде көрсетіп, өмірі қуғын-сүргінмен өтті. Қазақ тарихының ақ парағына енбесе де, Қызыл империя тұсында өз орнын еншілеп алмаса да, ол ұлт шежіресіне халық батыры ретінде өшпестей із қалдырды.

Қайран, есіл ер! Соқтықпалы, соқпақты заманның шырмауына ілінсе де азаттықты аңсады. Қылышынан қан тамған Қызыл империяның бұғауына түспей аласұрды. Өз дәуірінің «көкжалы» атанды. Есімі аңызға айналып, халық жадында мәңгі сақталып қалды. Әсіресе, Қорғасын өңірінде ата-бабаларымыз Кейкінің мергендігін аңыз қылып айтушы еді Соның бірі де, бірегейі көкірегі ояу, ақынжанды Бақай Құдайқұлұлы болатын. Ол кісінің айтуынша, Кейкінің үлкен үңгірі Махатта, екі қорғаны Қоғалы мен Қарашыңда дейтін.

Халық арасында Кейкі деп аталып кеткенмен, шын есімі – Нұрмағанбет Көкембайұлы. 1877 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы Байтума қопасында туған.

1916 жылғы Торғай көтерілісіне қатысқан. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Тұрмыс тапшылығын ерте көрген Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р.Шашамбайұлының малын қорып, жылқышысы болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама әлі күнге дейін сақталған. Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған. Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерден-ақ Кейкі белсене араласқан. Мергендер жасағын басқарып, көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрған. Күйік Қопасындағы көтерілісте, Торғай қаласын қоршау кезінде жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында Кейкі ерекше ерлік көрсеткен.

1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытауға, Қызылқұмға, Қорғасынға бой тасалауға мәжбүр болды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамады.

Ақыры, 1922 жылдың көктемінде комиссар Александр Токаревті атып кеткен Кейкіні сол жылы 29 наурызда қызыл әскерлер айуандықпен өлтірді.

Олар Кейкінің екі қолы мен басын кесіп алып, бір ай бойы басын сырыққа шаншып қойған. Кейіннен оның бас сүйегін Орынборға, содан соң Санкт-Петербургке алып кеткен. Кейкіге «қырғыз-қайсақтың бас-бұзары» деген айып таққан. Күні бүгінге дейін Кейкінің бас сүйегі Санкт-Петербургтің антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы. Кейкіден қалған ұрпақтар Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. Жазушы А.Нұрмақовтың «Құланның ажалы» романындағы Құлан, Ғ.Мүсірепов «Амангелді» пьесасындағы Кете батырлардың көркем тұлғалары осы Кейкінің өмірін сомдайды.

Негізінде Кейкінің бой тасалаған жері – Қорғасын өңірі. Қараторғай өзенінің жағасындағы тау шатқалдары болатын. Өзі тастан өріп жасаған қорғаны сырттан қорғануға, әрі жасырынуға, дұшпандарына қарсы оқ атуға өте ыңғайлы болды. Қазіргі Қорғасын ауылынан сегіз шақырым жердегі екі бөлмелі «Кейкі үңгірі» соның айқын айғағы іспеттес.

Былтырғы жылы Шеңбер ауылының ұлтжанды азаматтары бірігіп, қия шыңдағы Кейкі үңгірінің желкесіндегі биік жотаға ескерткіш белгі орнатты. Осы ескерткіш белгінің кейінгі ұрпақ үшін тарихи орынды ұмытпауға маңызы зор.

Қайрат Жұмабаев. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының ақпарат жетекшісі.

Комментарии закрыты.