Қолдан ұрықтандыру – мал басын асылдандыру негізі

20140530-08-1-1Мал асылданбай өнім молаймайды. Сондықтан, Елбасы өз Жолдауында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріп, ауыл шаруашылығын аяғынан тұрғызудың басым міндеттерін айқындап берді. Ауқымды тапсырманың жүзеге асуы үшін жеке қолдағы малды да асылдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ендеше, қолдағы малдың қоңды болуына септігін тигізер қолдан ұрықтандыру жұмыстары қалай жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі әңгімеміз осы төңіректе өрбімек. Қысыр қалған сиырлар мәселесі ауылдықтарды кәдімгідей абыржытып отыр. Бұлай дейтініміз, елді мекендерді аралап, есеп беріп жүрген әкімдердің есін алған сұрақтың бірі осы болып жатыр. Дәл осындай жағдай қолында бірлі-жарымды ірі қарасы бар қалалықтарды да алаңдатуда.

Елдің экономикалық саясатында соңғы жылдары соны серпін ала бастаған мал шаруашылығы ешқашан маңызын жоғалтпақ емес. Яғни, бұл іске бей-жай көзқарастың қалыптаспағаны жөн. Сенері де, сүйенері де сиыр болып табылатын қазекемді қинаған сауалға орай біз қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Амантай Әбілқасымовқа жолығып, осы бір өзекті мәселені қозғаған едік.

Осы бағытта өрбіген әңгіме барысында қалада мал түлігінің сапасын жақсартуға соңғы жылдары ерекше назар аударылып, көптеген шаралар қолданылуда екенін ұғындық. Соның бірі – Үкіметтің мал тұқымын асылдандыруға қатысты шыққан қаулысын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған ірі қара малды қолдан ұрықтандыру жұмысы. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан да қомақты қаржы бөлінуде.

– Сиыр түлігінің сапасын арттырып, тұқымын жақсарту, малдан алынатын ет, сүт өнімдерін молайту үшін асыл тұқымды сапалы бұқалардың ұрығын арнаулы аспаппен тасымалдап, термоста сақтап, күйлеген сиырларды ұрықтандыру жұмысын жүзеге асыру әу баста ойға алынған еді. Қазіргі таңда осы іс біртіндеп кең қолдау табуда. Бұл іспен бүгінгі күні білікті зоотехник-селекционер Сағынбай Көгелбаев деген азамат айналысуда. Ол қазіргі заманауи үрдіске сай біліктілігін жетілдіріп, арнайы курстан оқып келген. Жұмысы нәтижелі, – дейді Амантай Әбілқасымов бізбен әңгімесінде.

Орайы келген тұста бізді қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария бөлімінің бас маманы Төлеген Дүзбаев селекционер маман Сағынбай Көгелбаевқа жолықтырып, қолдан ұрықтандырылған сиырлары бұзаулаған үйлерді аралатып, істің мән-жайымен қанықтырды.

– Қазіргі таңда қолда (Сәтбаев қаласындағы жекелеген үйлерде) 300-дей бас аналық сиыр есепте тұрған болса, былтыр соның 121 басы қолдан ұрықтандырылды. Мал басын асылдандыру бағытында қазір аналық сиырлар қара ала, қызыл ала, ақбас бұқалардың сұйық азотта сақталған ұрығымен ұрықтандырылып жатыр.

Рас, алғашқы жылдары бұған елдің сенімі аз болған сыңайлы. Біз қаладағы төрт бағытқа шығатын сиыр табындарын аралап, жұртшылықпен пікірлестік. Ұрықтандырудың тәртібін, талабын түсіндірдік. Соның салдарынан жұмыс кеш басталып, биыл бұзаулар кенже туылып жатыр. Ал, биыл жұмыс жанданған. Ұрықтандыру ерте басталды. Қазірдің өзінде 60-тан астам сиыр ұрықтандырылды, – дейді Төлеген Дүзбаев.

Біз ұрықтандырушы маман Сағынбай Көгелбаевты да әңгімеге тарттық. Оның бұл саладағы еңбек өтілі отыз жылға жуықтайды екен. Сонау сексенінші жылдары Ұлытау ауданында зоотехник-селекционер болып жұмыс істеген ол сол кездің өзінде аудан тұрғындарының қолындағы малды қолдан ұрықтандырған. Ауылдарды да аралап отырыпты. Міне, сол жұмысын соңғы екі үш жылдан бері қайыра жалғастырып жатқан сыңайы бар.

– Қазір мал басы мүлдем ұсақталып кетті. Табындардағы бұқалар да кішкентай. Олардан қандай сапалы бұзау тусын? Оның үстіне, жұрт сиырларының қысыр қалатынын да айтып жатады. Осыдан кейін мен өзіме үйреншікті істі қайыра қолға алған едім. 2009 жылы Астанада арнайы курста оқып, білімімді жетілдіріп келдім.

Бүгінгі күні жұмыс біршама жанданып келеді. Елдің сенімі де артқан. Малдың күйті келген сәтте бізге хабарлайды. Біз оларды қолдан ұрықтандырамыз. Ұрықты Астанадан «Асыл түлік» фирмасынан алдырамыз. Оның тасымалдануы, сақталуы талапқа сай жүзеге асырылады, – дейді ұрықтандырушы маман.

Жұмыс барысымен таныса жүріп біз Момышұлы көшесі 15-2 үйдің тұрғыны Бектемір ақсақалды да әңгімеге тарттық.

– Қазақ әу бастан мал бағады, мал арқылы жан бағады. Дастарханның ажары да, базары да – мал өнімі. Сәлемін мал-жанның амандығын сұраудан бастайтын қазақ үшін төрт түлікпен төрт құбыланы тең етуге тырысушылық жат емес. Сондықтан, баққан малының төлдемей қалуы алаңдатпай қоймайды.

Ал, енді, қолдан ұрықтандыру жайына келер болсам, өзім бұл маманның қызметіне жиі жүгінемін. Өткен жылы екі сиырымды қолдан ұрықтандырып еді. Оның нәтижесін міне көріп тұрсыздар, екі бұзау туды. Еттік бағыттағы тұқымдар бұлар. Биыл екі сиырымды дәл сондай жолмен қолдан ұрықтандырып отырмын. Бұл жолы сүттік бағыттағы бұқаның ұрығын алдық. Осылайша қорамдағы малдарымды біртіндеп асылдандырып жатқан жайым бар. Егер келешекте қой малын да осылай қолдан ұрықтандырып, асылдандыруға қол жеткізсек, қазақтың қазаны да қазынасы да ортаймас еді, – дейд Бекең.

Иә, асыл тұқымды малдың ырыстың көзі екеніне әлі де болса түсіністіктің жетіспей тұрғаны байқалып қалатыны жасырын емес. Осы мақсатта жұмыс істейтін арнайы пункттің жоқтығы да біраз кедергілер тудырады. Осындайда «Көш жүре түзеледі» деген қазақы қағидаға сайып, өзімізді өзіміз жұбатамыз. Ал, ауыл шаруашылығы мамандары бұл істің жуық арада жолға қойылатынын айтып ақталуда. Олар, тіпті, келер жылы асыл тұқымды бұқа, қошқар сатып алып, ұрықты өзіміз дайындаймыз дегенді де алға тартуда. Сондай-ақ, олар күзден бастап қой малын да қолдан ұрықтандыруды қолға алуға қам жасамақ.

Қорыта айтқанда, аналық малдың қысыр қалуы жекелеген отбасыға да, бүтіндей мемлекетке де жақсы емес. Ендеше, қысыр қалдырмау, мал басын асылдандыру бағытындағы ауқымды іске әркім құлшыныс жасап баққай. Өйткені, қолдан ұрықтандыру мал басын асылдандырудың негізі екенін ұмытпайық.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.