Алақай, демалыс!

20140530-12-1-120140530-12-1-2Оқу жылы аяқталды. Санаулы күндерден кейін оқушылар үшін демалыс орындарының жұмысы басталады. Биыл қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды мықтап қолға алып отыр.

Осы мақсатта Сәтбаев қаласы әкімдігінің «2014 жылға арналған жаз мезгілінде балалардың демалыс, сауықтыру және бос уақытын қамтуды ұйымдастыру туралы» қаулысы да қабылданды. Осы қаулы негізінде кешенді бағдарлама жасалып, қаланың барлық білім беру ұйымдарына жіберілді.

Мектеп жасындағы балалар үшін жазғы демалыстың маңызы ерекше. Әсіресе, қала баласының үш ай каникулды тиімді өткізгені жөн. Өйткені, бос жүрген оқушы көше бұзықтарына еріп кетуі де мүмкін. Ал, ауыл баласы үшін шуы көп қала тірлігі қызық. Сондықтан, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі биылғы жазғы демалысты ерекше өткізбек. Бұл мақсатта қала аумағындағы 12 мектеп жанынан жазғы сауықтыру алаңдары жұмыс істейтін болады. Бұл алаңдар 18 күнге есептелген. Сауықтыру алаңдарында биыл 2200 бала тынығады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 балаға артық. Мұның сыртында демалыс және спорттық алаңдар, аула клубтары, оқушылар сарайы, өнер мектебі сынды балалар мекемелерінде түрлі үйірмелер жұмыс істеп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ, қаладағы оқушылар сарайында «Жаз – 2014» орталығы да ашылып, өз жұмысын бастайды.

Аталған демалыс, сауықтыру алаңдарынан басқа, балалар «Қазақмыс» корпорациясына қарасты демалыс орындары – Жезқазған қаласындағы «Орленок», Көкшетау қаласындағы «Жезказганец» демалыс лагерьлеріне де барып тынығатын болады.

– Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін қалалық әкімдіктің қаулысы шықты. Осыған орай кешенді жоспар жасалды. Сол жоспарды жүзеге асыру мақсатында қалалық білім беру ұйымдарының басшылығымен жиналыстар, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі кеңесінің отырысы өткізілді. Онда жазғы демалысты ұйымдастыру, бақылауда ұстау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтары қаралып, жаз мезгілінде балалармен жұмысты ұйымдастыруға қатысатын түрлі құрылымдар өкілдері тыңдалды. Сол сияқты, білім ұйымдарындағы жазғы алаңдардың дайындығын тексеру мақсатымен Ювеналды полиция тобы, өрт сөндіру бөлімі және суда құтқару станциясы мамандары білім беру ұйымдарында семинарлар өткізді. Осындай әзірлік жұмыстарынан кейін мектептер жанындағы демалыс ұйымдары балаларды қабылдауға әзірленді. Олардың ашылуына санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылар да алынды. Сөйтіп, сауықтыру алаңдары алдағы дамалыс маусымына сақадай сай, – дейді қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ғалия Иманбаева.

Білім бөлімі мамандарының сөзіне қарағанда, сауықтыру және демалыс орындарына бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған және ата-анасыз балалар мен тубвиражды, оралман отбасылардың балалары жіберіледі. Ал, бұл іс-шараларды жүзеге асыру үшін жалпы оқу қорынан 21020,0 мың теңге бөлінген. Оның ішінде, 2200 баланы қамтитын мектепішілік алаңдарға 16280,0 мың теңге, 120 баланы қамтитын қала сыртындағы лагерьлерге 4740,0 мың теңге бөлінген.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы «Нұр Отан» партиясы филиалымен бірлесіп қаламыздағы білім орындарының 25 оқушысын Астана қаласына экскурсияға апаруды да жоспарлап отыр. Сол сияқты, корпорация жанындағы демалыс лагерьлері – «Орленокта» 980 бала, «Жезказганецта» 680 бала тынығады деп күтілуде.

Орайы келгенде айта кетейік, Сәтбаев қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподағы соңғы 3 жылдан бері білім беру ұйымы қызметкерлерінің балалары үшін сыртқы лагерьлерде жазғы демалысты ұйымдастырып келеді. Осы іс биыл да жалғасын тапты. Аталмыш кәсіподақ ұйымы 2014 жылға 10 баланы жолдамамен қамтамасыз етіп отыр. Жолдама құнының 30 процентін кәсіподақ ұйымы, 70 процентін баланың ата-анасы төлейді. Осы мақсатқа кәсіподақ тарапынан 135000 теңге қаралған.

Тек төменгі сыныптың оқушылары үшін ғана емес, жоғары сынып оқушыларының да жазғы уақытты тиімді өткізу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Осы орайда білім беру ұйымдарында экологиялық, еңбек, әскери-спорттық, лингвистикалық, гуманитарлық лагерьлер, сонымен қатар, дарынды балалар мен үлгерімі төмен оқушылар үшін негізгі пәндер бойынша «Жазғы мектептер» де ұйымдастырылған.

Қалада 9 аула клубтары жұмыс істейді. Бұл клубтардың негізгі жұмысы балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын ұйымдастыруға бағытталған. Осы аула клубтарында да жазғы демалыс уақыттарында 2200 баланы қамту жоспарланған. Мұның сыртында қалада «Жасыл ел» бағдарламасына сай жасақтар құрылып, жұмыс істейтін болады. «Жасыл елге» биыл 200 бала тартылмақ.

Міне, балалардың жазғы демалысын қамтамасыз ету, оларды сауықтыру және еңбекке баулу мақсатында қалада осындай ауқымды жұмыстар жоспарланған. Оны жүзеге асыруға да мүмкіндік мол.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.