Сәттілік саған, жас түлек!

20140530-04-1-220140530-04-1-1Мамыр айының 25 күні қаламыздың барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, түлектер 11 жыл бойы білім берген алтын ұясымен қоштасты. Осындай салтанатты іс-шара білімнің қара шаңырағы атанған №27 орта мектепте де өтіп, оған қала әкімі Әнуар Омар, білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, қаланың Құрметті азаматы Шабал Бейсенбекова, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Амантай Әбілқасымов, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Биылғы жылы қала бойынша 313 мектеп бітіруші түлек болса, оның 177-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы отыр. «Алтын белгіге» ұсынылған үміткерлер саны – 5, ал «Үздік аттестатқа» 8 оқушы лайық деп танылған. Биылғы оқу жылында №27 орта мектепті Ақнұр Байзақова жетекшілік еткен 11 «Ә» сыныбынан 12 оқушы бітірді.

Мерекелік шараның шымылдығы мемлекеттік Әнұранмен ашылған соң, құттықтау сөз қала басшысына берілді.

Құрметті түлектер, аяулы ата-аналар, осында жиналған барша қауым, бүгін біз ерекше, жан тебірентер жиынға келіп тұрмыз. Бүгін түлектер өздерінің мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып отыр. Алдағы уақытта сіздер әлі талай бәйгеге түсіп, сынақтардан өтесіздер. Соның алғашқысы – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Болашақтарыңыздың жарқын бетін ашып беретін осы қадамдарыңыз сәтті болсын. Қай уақытта да Сәтбаев қаласының азаматтары, №27 орта мектептің түлектері екендіктеріңізді есте сақтаңыздар. Ертең білікті маман болғанда, туған қалаларыңа қайтадан оралып, осы жердің өсіп-өркендеуіне қызмет етесіздер деп сенемін. Себебі, біздің жасаған еңбегімізді әрі қарай жалғастыратын сіздерсіздер. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтатын болайық, әр кез тек биіктерден көріне берулеріңізге тілектеспіз, – деген тілегін жеткізді Әнуар Серікбайұлы.

Сондай-ақ, жиналғандарды мерекемен қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, кештің құрметті қонағы Шабал Бейсенбекова және мектеп директоры Алма Аманова құттықтап, түлектерге алда күтіп тұрған үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, болашақта мол табыстарға жете берулеріне тілектестік білдірді. Ата-аналар атынан өздерінің жылы лебіздерін ақсақал Шүкір Алтынбеков пен Жантасова Рахима апай жеткізіп, шәкірттеріне білім беріп, өмірге қанаттандырған ұстаздар қауымына алғыстарын айтты.

Одан әрі 11 сынып түлектері өз ізбасарларына аманат тапсыру рәсімін өткізді. Ал, аға-апаларының ізін жалғастыратын 1 сынып оқушылары оларға арнап өлең оқыды.

Соңғы қоңырау соғу құрметіне ҚР-ның халық суретшісі Айша Ғалымбаеваның 95 жылдығына арналған «Менің өлкем» атты сурет салу байқауының ІІІ дәрежелі диплом иегері, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Әке өнері ұлға мұра» атты байқаудың ІІІ орын жүлдегері, қалалық «Күз аруы – 2012» байқауының бас жүлдесіне ие болған, республикалық балалар байқауында сәндік-қолданбалы өнер бойынша «Жас шебер» номинациясын иеленген Зарина Нұрышева ие болды.

Сөйтіп, балғын балалық шаққа «қош» дегізіп, соңғы қоңырау сыңғыр қақты. Алтын ұя мектептерімен қимай қоштасқан түлектерге ҰБТ сынағында жоғары көрсеткіштерге жетулеріне тілектеспіз.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.