Жаңа билет табыс етілді

20140530-02-2Еліміздің барлық аймақтарындағы сияқты Сәтбаев қаласында да «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне жаңа партия билеттерін салтанатты түрде табыс ету шаралары жүріп жатыр.

Дүйсенбі күні қалалық әкімдіктің үлкен залында әкімшілік қызметкерлеріне жаңа билет табыс етілді. Оған қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Әнуар Омар қатысты.

Салтанатты ашқан қала басшысы бас партияның халық арасындағы, өзге де партиялар арасындағы беделі мен елдің тұтастығын сақтау жолындағы жетістіктері жайлы баяндай келіп, партияның әр мүшесі осы бағыттағы істерді абыроймен алып жүруге міндетті екеніне тоқталды.

– Бәз біреулер «Нұр Отан» партиясын «биліктің партиясы» деп, өзгешелеу бір рең бергісі келеді. Ал, шын мәнінде әр мемлекеттің өзінің бас партиясы бар. Ол партия сол мемлекеттің мүддесін көздеп, оның дамуы жолында тер төге жұмыс істейді. Біздің «Нұр Отан» партиясы да сондай. Оның бағдарламалары да, тұжырымдамалары да елдің келешегін, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын, халқымыздың бейбіт әрі бар жағынан қамтылған болуын көздейді. Сол жолда жұмыс істеп келеді. Сондықтан, оның әрбір мүшесі осындай партияның қатарында жүргенін мақтан етуі тиіс, – деп түйіндеді сөзін.

Бұдан соң партия филиалының төрағасы Әнуар Омар әкімдіктің 23 қызметкеріне мүшелік жаңа билеттерді салтанатты түрде табыс етті. Бұлардың қатарында партия билетін тұңғыш алып тұрғандары да болды.

Жалпы, Сәтбаев қаласы бойынша партияның 13 бастауыш ұйымында 2577 мүше бар екен. Қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаевтың айтуы бойынша бүгінде осы мүшелердің партиялық билеттерін айырбастау кесте бойынша жүріп жатыр.

– Өткен жылдың соңын ала өткен бас партияның 15 съезінде партияның атауы өзгеріп, соған сай оның құжаттары да, туы мен гербі де өзгерген болатын. Соған сай партия билеті де жаңартылып жатыр. Бұл іс біздің қаламызда ойдағыдай жүргізілуде. Партия қатарына жаңа мүшелер қабылдаумен қатар, бұрынғы билеттерді алмастыру да іркіліссіз жүргізілетін болады, – дейді бірінші орынбасар.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.