Жаңа тойхана

Бір тойының болары анық, бірақ, оның қашан боларын айта алмайтын, ал тойына елдің бәрін шақырып, оны сый-сияпатсыз қайтармайтын қазекем үшін тойдың орны бөлек. Батасының өзін «тойың тойға ұлассын» деп береді. Бар жиған-тергенін қуанышы мен қызығына шашатын қазақ той жасаймын десе қаржы дағдарысы да тосқауыл бола алмайды. Тек той жасайтын орын сайлы да жайлы болсын…

20140530-01-1-1Ертеректе қаламызда тойханалар мен мейрамханалардың аздығынан жұртшылық тойын жасау үшін қоңсылас жатқан Жезқазған қаласындағы мейрамханаларға кезекке тұрып, онсыз да сағындырып жеткен қуаныштарын атап өтуді сарғая күтіп жүретін. Соңғы кездері қаламыздың қалталы азаматтары қазіргі заман талабына сай, елдің қуанышын бөлісіп, тойын ойындағыдай өткізе алатын мейрамханалар салып, аша бастады. Жыл сайын солардың қатары да көбейіп келеді. Сәрсенбінің сәтті күні Сәтбаев қаласында сондай бір заманауи тойхананың тұсауы кесілді.

Осыдан бір жыл бұрын қаламыздың шығыс аймағындағы алаңға алғаш қазығы қағылған құрылыс ұзаққа созылмады. Жіті ұйымдастырудың нәтижесінде зәулім заманауи тойхана салынып бітті. Тіпті, оған той жасауға тапсырыстар да түсіп жатқан сыңайлы. Тойхана иесі Рыс-бек Темірбаевтың айтуынша, алғашқы той бірінші маусым күні өтпек.

Жалпы, жеке кәсіпкер Рысбек Темірбаевтың осы салаға келгеніне ширек ғасырға жуықтап қалған екен. Ең алғаш шағын дүкен ашумен ісін бастаған жігіт бүгінде Жезқазған-Ұлытау өңіріне ғана емес, алыс-жақын аймаққа белгілі кәсіпкер болып алды. Оның халыққа қызмет көрсету нысандары бүгінде Қарағанды, Астана қалаларында қалыпты жұмыс істеп тұр.

– Әр қазақтың отбасында той, мереке болсын деген ниетпен кеншілер қаласына тойхана салуды қолға алған едім. Ол ойымды қала басшылары да мақұлдады. Енді, міне, «Керемет» деген аты бар жаңа тойхананың тұсауын қала жұртшылығы болып кесіп отырмыз. Ел игілігі үшін жасалатын ісім мұнымен шектелмейді. Алла сәтін салса, халық үшін қызмет ететін нысандардың қатары көбейетін болады, – дейді кәсіпкер жігіт.

Иә, жаңадан ашылған әрбір нысан халыққа қызмет етіп қана қоймайды, елді жұмыспен де қамтамасыз етіп, табыс табуына мүмкіндік береді. Мәселен, мына жаңа тойханада даяшыларды қоспағанда, жиырмадан астам адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Олардың ең төменгі жалақысы 50 мың теңгеден төмен болмайды деп отыр жұмыс беруші.

Сонымен, Сәтбаев қаласының келбетіне сән берер, халқына ән берер жаңа тойхана да ашылды. Оның ашылу салтанатына қала әкімі Әнуар Омар, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков және қаламыздағы мұсылмандар мешітінің бас имамы Бауыржан Балтабеков қатысып, сөз сөйледі.

– Біз әрбір нысанда қызмет түріне қарай мынау тойхана, мынау шаштараз деп бөлмейміз. Мұның бәрі халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысан. Міне, сондай бір әлеуметтік маңызы бар, халықтың өскелең талабына сай келетін, заманауи үлгідегі жаңа бір нысан салынып, ел игілігіне беріліп отыр. Істеріңізге сәттілік тілейміз, – дей келіп, қала басшысы осындай игілікті іс бастаған кәсіпкер жігітке қала жұртшылығы атынан ризашылық сезімін білдіріп, жұртшылықты жаңа тойхананың ашылуымен құттықтады.

Салтанатта сөз алған депутат Бекзат Алтынбеков келешегі бұлыңғыр делініп жүрген аймақта мұндай заманауи ғимараттардың салынып, ел игілігіне берілуі елдің алаң көңілін сейілтіп, көшін тоқтатуға ықпал ететінін айтса, бас имам жұртқа батасын берді.

Бұдан соң қала әкімі Әнуар Омар мен ардақты ана Айжан апа тойхананың лентасын қиды. Жиналған жұртшылық жаңа ғимараттың ішін тамашалып, оның «Керемет» деген атына сай керемет екеніне риза болды. Ал, тойхана иелері жұртшылықты той дастарханына шақырып, үлкендердің батасын алды.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.