Татулықты ту етті

20140606-05-2

Халық айтса қалт айтпасы анық. Әдетте «Әу демейтін қазақ жоқ» деп жатамыз. Әлеуметтік өмірімізде ұдайы мәдениетке, білімге ұмтыламыз. Қазақ жерін мекен еткен ұлт пен ұлыс мәдениеттен, оның ішінде өнерден кенде емес. Қаламызда «Ел іші – өнер кеніші» фестивалі бастау алғалы көптеген дарындардың өнеріне тәнті болып келеміз. Байқау әлі де болса жалғасын табуда. Жақында №16 мектептің қабырғасында өткен №10 «Қызыл телпек» балабақшасының шығармашылық кешін тамашалап қайтқан едік.

Кешке қала әкімі Әнуар Омар бастаған қонақтар қатысып отырды. Талапқа сай қазылар алқасы кешті бағалады. Ал өнерпаздардың өнер қоржыны ән мен биге толы болды. Олардың әуелете салған әндері, билеген билері көрермен көңілін серпілтіп тастады.

Балабақша ұжымы Елбасының «Бірлігі – берекелі, тірлігі – мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деген сөзін негізге ала отырып, татулықты ту етті. Кеште «Сәулем-ай» сынды халық әнінен өзге «Сарыарқа», «Атамекен», «Мой Казахстан» сынды патриоттық әндер орындалды. Л.Осипова «Әжелер» тобы, Б.Сағынтаева сияқты өнерлі жандардың әнге деген қабілетін атап айтпасқа болмас. Ал, «Ақ тілек» әнімен дәстүріміз – қыз ұзатудан көрініс көрсеткен А.Асқарованың еңбегі елді елең еткізді. Әзіл-оспақ аралас «Каламбур» биі көңіліңді жадыратып, өнерпаздардың актерлік қабілеттерін танытты.

Біз өз тарапымыздан халықтың фестиваль жайлы пікірін білу мақсатында көрермен Айжан Оразбековамен тілдескен едік.

– Осы кештен қандай әсер алдыңыз?

– Фестиваль басталғалы бірінші келуім. Бірақ, жаңалықтардан көріп-біліп жатырмыз. Осы кешке менің қызым Айнұр Бейсеналиева хореограф ретінде үлкен үлесін қосуда. Бұл байқаудың ауқымы кең. Осындай маңызға ие сахна төрінен көптеген ашыла қоймаған дара дарындар шығады емес пе?!

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.