Кетбұқа – ұлы тұлға

20140606-06-1«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігімен бірігіп «Ұлытау» ұлттық мәдени-тарихи және табиғи қорық мұражай ұжымы Кетбұқа жыраудың 830 жылдығына байланысты көрме өткізді. Көрмеге «Нұр Отан» партиясы Ұлытау филиалының және аудан, село әкімшілігінің мүшелері, №1 Ұлытау орта мектебінің оқушылары қатысты. Бұл көрме Кетбұқа бабамызға арналған алғашқы қадам.

Сол күні мұражай ғимаратының көрме залының төрінде Н.Ә.Назарбаевтың «Кетбұқа бабамыз – түбі бірге түркіге ортақ ұлы тұлға» атты қағидалы сөзі ілулі тұрды. Осы қанатты сөз Кетбұқа бабамыздың кім екенін дәлелдеп тұрғандай. Бұл көрменің ұлытаулықтар үшін мәні зор, орны бөлек, өйткені, Кетбұқа бабамыз туралы тарихи деректерге сүйенсек, Ұлытау өңіріне Найман тайпасының бағаналы және балталы ұрпақтары, осы Кетбұқа ноян басқарған жасақ ретінде келіп шоғырланған.

Кетбұқа (Кетбұғы) атты есіммен елге мәшһүр болған әйгілі қолбасшы, күйші, жыршы, от ауызды орақ тілді би, абыз Ұлытау өңіріне мекендеген тұлғалардың бірі.

Оның Кеті (Кете) деген есіміне «бұқа, бұғы» деген сөздердің қосылуы заман ағымына сай көне шежірелерде аса күшті, мықты тұлғаларға бұқа, бұғы сияқты алып күш иесі ретінде бағалап, сондай мағыналы түбірді қолданған.

Кетбұқа аталық би (1184-1260 ж) – әлем тарихына белгілі ұлы тұлға, алты алашқа абызы қиын қыстау күн туғанда, ел тұтастығы мен бірлігі үшін табандылық көрсетіп, кең байтақ жерімізге қорған болған Ұлығ би. Тозған елді тірілтіп, «тоғыз таңбалы Найман» дәрежесіне жеткізген Кетбұқа бүкіл түркі халқына ортақ ұлы тұлға екені сөзсіз.

XVI ғасырда өмір сүрген Доспамбет жыраудың жырында Кетбұқаның данагөй, ақылгөй екендігі анық суреттелген.

Кетбұқадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда? – деп, жырлауы Кетбұқаның кемеңгерлігін дәлелдеп бергендей, оның ақылын аңсағандай күй кештіреді. Кетбұқа Жошы ұлысының мемлекетінің берік қалыптасуына, нығаюына үлкен үлес қосқан аса ірі тұлға.

Бүгінгі күні аңыз болған халық жадында сақталған күй – «Ақсақ құлан». Осы күйді күңірентіп Шыңғысханға «Жошының өлімін естірткен» Кетбұқа болатын. «Қаралы хабарды айтушының жазасы – өлім» – деп Шыңғысхан қаһарын төккенде, қаймықпастан «мен емес, Жошының қазасын жеткізген мына домбыра ғой» – дегені Кетбұқаның асқан шеберлігін, тапқырлығын көрсетеді. «Ақсақ құлан» күйі осылай аңызға айналып еді.

Көрме көрсету барысында түсірілімді суреттер арқылы Кетбұқаның жүрген жерін, шайқасқан аймақтарын тілге тиек ете отырып, ауқымды түрде жиналған қауымға нақты дәлелмен мұражай археологы Мақсат Абдыкаримов толық жеткізе білді. Сөз соңында бабамыздың қаны төгілген, қаза тапқан Израиль жерінен 2012 жылы мұражай басшысы Бақтияр Қожақметовтың әкелген бір уыс топырағын көрсетті. Бүгінгі көрме залында суреттермен қоса, аса құнды болған жәдігер осы бір уыс топырақ болды. Топырақты көріп, жиналған қауым бабасының басына барып, тағзым еткендей күй кешті. Көрмедегі тағы бір ерекшелік «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен болашақта Жезқазған-Сәтбаев қалаларының ортасында бой көтеретін «Мәңгілік ел» тарихи-этно мәдени мемориалдық кешенінің ұсынылған жобасы көрсетілді. Ұлытаулықтар үшін бұл көрменің мәні де, маңызы да аса зор болды.

Қайрат Жұмабаев, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының ақпарат жетекшісі.

Комментарии закрыты.