Патриоттық сағат

20140606-06-2

Орталықтан-дырылған кітапхана жүйесінде Ұлы Отан соғысының батыры, атақты Рейхстаг қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған патриоттық сағат ұйымдастырылды.

Өлкетану бөлімінің кітапханашысы Ақерке Омарова халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен сұрапыл соғыста жүріп өткен жолы жайлы баяндап берді.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе селосының маңындағы қыстақта дүниеге келді. Төрт жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Ата-анасынан ерте айрылған Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. Жеті жылдық мектепті бітірген соң Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілді.

Оның балалық шағы туысқансыз және жанашырлық білдіретін адамдарсыз өтті, ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады. Жатақханаларда тұрып, асханадан тамақтанды, бір үлгіде тігілген арнаулы киіммен жүрді.

1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, кейінірек жаяу әскер училищесін бітірді. 1944 жылдың қазанынан ол I-Белорус майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясының құрамында взвод командирі болып, Польшаны азат ету және фашистік Германия әскерлерін өз жерінде талқандау ұрыстарына қатысты.

Берлинде болған соғыста ол өзінің взводымен ең алдыңғы шептерде болды, Шпрееге – соңғы сулы бөгетке және Король алаңына – «Гитлердің үйіне» бірінші болып жетті. «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен» марапатталды. Одер өзенінен өтудегі қанды шайқастан кейін оны партия мүшелігіне қабылдады. Ал партия билеті аса маңызды бекіністі және саяси маңызды мақсатқа жетудің мадақтау белгісі ретінде «Гитлердің үйінде» табыс етілді. Осында «Гитлердің үйінде» барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етті. «Гитлер үйі» мен Рейхстагқа дейін арақашықтық 360 метр ғана, бірақ, ол жан-жағынан оқ жаудырылған ашық алаң үстінде еді. Лейтенант Қошқарбаев өзінің солдаттарымен бұл қанды метрлерді толассыз атылған оқтың астында 7 сағатта, жерге жабыса еңбектеумен өтті.

1945 жылы 30 сәуірде қатардағы жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті.

Рақымжан Қошқарбаев 1964-1967 жылдары Ақмола облысының атқарушы комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі басқармада инспектор болған.

Ал, 1967 жылдан бастап, «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарды. «Қызыл ту», «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарының иегері. Рейхстагқа ту тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденімен марапатталды. Ал 2001 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді. Қаһарманның өмірбаяны мен ерлігі жолына арналған патриоттық сабақтан қатысушылар мол мағлұмат алды. Іс-шара соңында Рақымжан Қошқарбаев туралы бейнеслайд көрсетіліп, «Рейхстагқа ту тіккен» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

Ш.Сабырова, кітапханашы.

Комментарии закрыты.