Еңбек еткен ерінбей

20140606-03-2Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі өткен жылы алғаш рет аталып өткен болатын. Бұл шара биыл да жалғасын тауып, осы салада аянбай еңбек етіп жүрген жандардың ішінен үздіктері іріктеліп, қала әкімінің сыйына ұсынылды. Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхананың маманы Сабырова Шолпан «Мәдени іс-шараларды үздік ұйымдастырушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, қала басшысының дипломы мен ақшалай сыйлығына ие болды.

Кітапхана ұжымы жастармен толығуда, біз оған қуаныштымыз. Бірақ, олардың бәрі бірдей кітапханашы мамандығы бойынша келгендер емес. Кезінде қаламызда мәдени-ағарту училищесі болған, онда кітапханашыларды да дайындайтын еді, ол оқу орны жабылған. Қазір кітапхана мамандарын даярлайтын оқу орны жоқтың қасы. Келіп жатқан жастар арасында кейбірінің бұл іске қыры, талпынысы жоқ, кейбіреуінің жұмыс туралы ойы үстірт. Әр мамандықтың өз қыр-сыры бар. Библиограф ретінде айтар болсам, әрбір кітап сөреге өз саласы бойынша қойылады, ББК-мен (кітапханалық-библиографиялық классификация) орналастырылады, мысалы 63 – тарих, 65 – экономика т.с.с. Осы классификацияны білмей кітапханашы болу мүмкін емес.

Қазір технологияның қарқындап дамыған заманы, сол технологияны меңгеріп жұмыс жасай білу – заман талабы. Осы талаптан кітапхана да қалыс қалған жоқ. Кітапханашының ой-өрісі жоғары болу керек, оқырманның талап-тілегін тиісті деңгейде орындай білуі, компьютерде кітапхана ісі бойынша бағдарламалармен жұмыс жасай білуі қажет. Кітап-ханаларда түрлі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады, осы істерді атқара білу, аудитория алдында сөйлей алу, кітап көрмесін сауатты құрып, оған дұрыс шолу жасап, насихаттау – міне, кітапханашыға осындай міндеттер жүктеледі, ол осы талаптарға сай болуы керек.

Мен сөз еткелі отырған маман Шолпан Сабырова бізге мектеп кітапханасынан келді. Ол жердегі еңбек өтілі 9 жыл, орталық кітапханаға келгелі екі жылдай уақыт болды. Шолпан Берлібекқызы келгелі өзін жақсы жағынан көрсетуде. Ісіне жауапкершілікпен қарайды, өткізіп жүрген іс-шаралары мәнді, оған тыңғылықты дайындалады. Жұмысына деген ынтасы жоғары. Компьютерді жақсы меңгерген. Ұжымдағы үлкенмен де, кішімен де жақсы қарым-қатынас орнатып, тіл табысып жүрген мәдениетті жан. Қазір оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің (оқу залы) меңгерушілігін атқарып жүр.

Отбасында жолдасы екеуі тәрбиелеп отырған үш баланың анасы. Әріптесіміздің деніне саулық, еңбегіне табыс тілейміз.

З.Арыстанова, библиограф.

Комментарии закрыты.