Әкім сыйлығы тапсырылды

Өткен жылы елімізде мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні тұңғыш рет тойланған болатын. Бұл кәсіби мереке біздің қаламызда мүлдем ерекше жағдайда аталып өткенін көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаған шығар. Өйткені, қаламыздағы мәдениет пен өнер саласының озық қызметкерлеріне қала әкімі түрлі номинациялар бойынша сыйлық тағайындаған еді. Міне, сол жарқын іс биыл да өзінің жалғасын тапты.

20140606-03-1

Елбасы жарлығымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі мамыр айына алмастырылған болатын. Соған сай, қаламызда көктемнің соңғы айы осы мерейлі мамандық иелерінің мерекесімен түйінделді. «Мұрагер» мейрамханасында мәдениет және өнер қызметкерлеріне қала әкімінің сыйлығын тапсыру салтанаты болып өтті. Оған қала әкімі Әнуар Омар бастаған мемлекеттік мекеме басшылары мен мәдениет саласының майталмандары қатысты.

Салтанатты қала әкімі Әнуар Омар ашып, қаламыздың мәдениеті мен өнерін дамытуға үлестерін қосып жүрген жандарды мерейлі мерекелерімен құттықтады.

– Бұл күн мен үшін де ерекше күн. Өйткені, мен де осы мәдениет пен өнер саласынан өсіп шыққан жанмын. Сондықтан, әр марапат иесімен бірге қуанып, бірге шаттанып отырамын. Еңбектеріңіз жемісті бола берсін, – деп түйіндеді әкім өз сөзін.

Жалпы, биылғы жыл қаламыздың мәдениет және өнер саласы қызметкерлері үшін жемісті басталды. Қалалық мәдени-сауықтыру спорт орталығының домбыра үйірмесінің жетекшісі Қамбар Урмузов Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Жылдың үздік жеке аспапта орындау-шысы» номинациясын жеңіп алды. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, қала әкімі Әнуар Омар жеңімпазға осы атағын салтанатты түрде табыс етті.

Ол сондай-ақ, қаламыздағы отбасылық кітапхананың меңгерушісі Ольга Владимированы туған күнімен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Салтанаттағы тағы бір ерекше сәт қаламыздағы ұлттық өнер орталығының қолөнершілер үйірмесінің жетекшісі, суретші һәм шебер Армия Есеновтың Еуразия дизайнерлер Одағына мүше болып қабылданғаны болды. Салтанатты рәсімде осы хабарды жеткізген жеделхат оқылып, жұртшылық өнерлі азаматқа риясыз көңілмен қол соғып, қошемет көрсетті.

Осындай көңілді нотамен басталған салтанат әкім сыйлығымен марапаттау сәтіне ұласты. Биыл қала әкімінің сыйлығы 9 номинация бойынша ұсынылды. Атап айтқанда, Дулат Төлегенов «Мәдени іс-шараларды үздік жүргізуші», Айнагүл Күлшекенова «Үздік үйірме жетекшісі», Байғара Сәдуақасов «Мәдениет және өнер саласын үздік насихаттаушы», Гүлнар Қожахметова «Жыл кітапханашысы», Шолпан Сабырова «Мәдени іс-шараларды үздік ұйымдастырушы», Ботагөз Кәриева «Мамандығына адалдығы үшін», Анатолий Карпенко «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі», Гүлнария Таева «Жыл хореографы», Аманкелді Бейсенбеков «Жыл әншісі» номинацияларын иемденді.

Әкім сыйлығын тапсыру салтанатында қаламыздың өнерлі өрендері ән-жырдан шашу шашып, кешті думанды дүбірге ұластырды.

Ізтай Белгібайұлы. уреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.