Жазықсыз жандар жадымызда

20140606-02-3-220140606-02-3-1Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері ресми түрде атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан халқы үшін айрықша мағынаға ие. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қатігез саясаттың нәтижесінде мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырап, қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері ату жазасына кесілген. Сондықтан осы зұлмат жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау және оларды мәңгі есте сақтау мақсатында 31 мамыр күні еліміздің барлық аймағында митингтер өткізіліп, бабалар рухына тағзым етіледі.

Жаппай еске алу іс-шараларынан сәтбаевтықтар биыл да шет қалған жоқ. Тәуелсіздік саяжолында өткен митингке қала әкімі Әнуар Омар, қаланың Құрметті азаматтары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және жалпы жұртшылық қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған қала басшысы «қуғын-сүргін жылдары жер аударылған мыңдаған қандастарымызға туған жердің топырағы бұйырмады, осы күнді еске ала отырып, мұндай оқиғаның алаш тарихында енді қайталанбауына атсалысуымыз керек» деді. Одан әрі қаланың Құрметті азаматы Жақия Күнеділов пен орыс этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Анжела Кондратьева сөз алып, естелік айтты. Митинг соңы оқушылар сарайының үгіт-насихат тобының қойылымына жалғасты.

Аталмыш іс-шараға туысы репрессияға ұшыраған, қаланың Құрметті азаматы, зейнеткер Жолтай Қайырбеков те қатысты.

Атамның 9 баласы болған. Солардың ең үлкені Әбілқасым Наурызбаев деген атамыз бұрынғы Сталин, қазіргі Байқоңыр колхозының басшысы болған. Қыста қатты жұт болып, ауылдың малы қырылып қалады. Сол малды өлтірдің, Сталин колхозының атына кір келтірдің деген жала жауып, оны 6 жылға Теректі станциясындағы Степлагқа түрмеге қамаған. Жазықсыз жабылған жаладан кейіннен ақталды. Бүгін осы іс-шарадан кейін туған-туыстар жиналып, Қарсақбайға атамыздың басына құран оқып, зиярат етуге барамыз. Өз көзіммен көрмесем де, сол кездегі нәубеттің елімізге қандай қасірет әкелгенін жақсы білемін. Енді болашақта мұндай қиындық ел басына түспесе екен деп тілеймін, – дейді Жолтай ағай (суретте).

Солақай саясаттың салдарынан аяусыз жазаланып, құрбан болғандардың рухына тағзым ету – кейінгі ұрпақтың қастерлі де мәңгілік парызы.

Сол күні Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Жазықсыз жапа шеккендер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған индустриалдық колледждің студенттері қатысты. Дөңгелек үстел барысында кітапханашы Шолпан Сабырова қуғын-сүргін құрбандарының өмірінен қысқаша мағлұмат беріп, алаш қайраткерлеріне арналған кітаптарға шолу жасады.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.