2 «Алтын белгі», 1 «Үздік аттестат» – биылғы жетістік осындай болды

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бекіткен кестесі бойынша маусымның екісі күні еліміздің барлық аймақтарында Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Біздің қаламыздың түлектері осы алғашқы күні-ақ сынақтан өтті. Жалпы, биыл Сәтбаев қаласы бойынша 313 оқушы мектеп бітірді. Соның 177-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Түлектердің бесеуі «Алтын белгіге», сегізі «Үздік аттестатқа» үміткер еді. Олардың екеуі «Алтын белгіні», біреуі «Үздік аттестатты» абыроймен қорғап шықты. Бұл үздіктердің үшеуі де қаламыздағы Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның түлектері. Тестілеу қорытындысына қарағанда, Сәтбаев қаласының түлектерінің биылғы көрсеткіші өткен жылғымен деңгейлес болды. Қала бойынша көрсеткіш 71,2 балл. Ал өткен жылы оқушыларымыз 73 балл алған болатын. «Алтын белгіні» қорғау деңгейі 40 пайыз болып отыр.

20140606-01-1

– Тест сұрақтары биыл да күрделі болды. Әсіресе, математика, физика пәндері бойынша тест тапсырмаларының қиын болғанын айтып отыр оқушылар. Соған қарамастан, түлектеріміз жақсы нәтиже көрсетті дей аламын. Бұл бағытта Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия мен №1 мектеп-гимназияның, №27 мектептің түлектері жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе, Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия қаламыздың мақтанышына айналды. Аталмыш білім ұясының түлектері өткен жылы да қала намысын абыроймен қорғап, Ұлттық бірыңғай тестілеуде үздік нәтижелер көрсеткен еді. Биыл да осы гимназияның үш оқушысы өзгелерден оқ бойы озық шықты. Атап айтқанда, Әлия Әмірханова – 114 балл, Камила Лесова 112 балл алып, «Алтын белгілерін» абыроймен қорғаса, Аяулым Сұлтанова 110 баллмен «Үздік аттестат» иесі атанды.

Рас, қала бойынша білім деңгейінің көрсеткішіне кері әсерін тигізгендер де болды. Мәселен, №19 мектеп түлектерінің көрсеткіші 58,3 процент болса, №7 мектеп түлектерінің көрсеткіші 51,6 проценттен аспады, – дейді қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова.

Сонымен, білім мен білік, бақ пен бап сарапқа түскен шақ та өтті. Әрине, түлектер қатарында өздерінің білім деңгейін толық көрсете алмай, мүлт кеткендері де болды. Олар тестілеу орталығына барып, заң шеңберінде өз мүмкіндіктерін қорғайтын болады. Бағы жанып жатқандар биікке шығар. Біз оларға тілектеспіз. Ал, бүгінгі күнгі көрсеткіш екі «Алтын белгі», бір «Үздік аттестат» болып отыр.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген А.ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.