Басты қағида – халыққа қызмет

20140613-03-01Өткен аптада Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы, тәртіптік кеңестің төрағасы Қайыржан Токушев Сәтбаев қаласына жұмыс сапарымен келіп, қала активімен кездесті.

Іс-шараға қала әкімі Әнуар Омар, мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Кездесуде Қайыржан Токушев мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің қалыптастырылуы туралы жиналғандарға кеңінен мәлімет берді.

Бүгінгі кездесудің мақсаты – мемлекеттік қызмет саласында болып жатқан өзгерістер жайында мағлұмат беру, олардың мән-мағынасын түсіндіру, сондай-ақ, өздеріңізді толғандырған сұрақтарға жауап беріп, сіздердің ұсыныстарыңыз бен ой-пікірлеріңізді тыңдау. Біздің департаменттің негізгі міндеттері мемлекеттік қызмет саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруға және мемлекеттік қызметті жетілдіру мен оның тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге қатысу, мемлекеттік қызметті жүзеге асыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар дайындау, мемлекеттік қызметшілерді даярлау, олардың біліктілігін арттыру мәселелері туралы мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру болып табылады. Қызметкерлердің сапалық құрамын, олардың кәсіптік деңгейін ұстау, көтерілген мәселелердің уақытында шешілуін қамтамасыз етуге қабілетті мамандардың жаңарып тұруы мен сақталуы кадр саясатының негізі екені белгілі. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге жүктелер жауапкершілік қашан да зор. Мемлекеттік қызметке келгендердің барлығы қарапайым халыққа қызмет етіп, елге қолайлы жағдай туғызуы керек. Мемлекеттік органға шағымданған, жүгінген кез-келген адам көрсетілуге тиісті қызметтің барлығын дер кезінде және са­палы түрде алуы тиіс, – деді Қайыржан Ахметбекұлы.

Жиын барысында әкім аппаратының жетекшісі Алмаз Нысанбаев бірыңғай персоналды басқару қызметінің жұмысы туралы есеп беріп, мемлекеттік қызметті өткеру кезінде туындайтын мәселелерге тоқталды.

Кездесу аясында сонымен қатар, кадр саясатын іске асыру тетіктерін жаңғырту, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, қызметшілерді оқыту, жұмыстың сапасы мен тиімділігін көтеру секілді тақырыптарда қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.