Энциклопедиялық жинақтың тұсаукесері

20140613-08-03

Балалардың жазғы демалыс уақыттарын тиімді өткізу, оларды кітап оқуға тарту мақсатында Б.Бұлқышев атындағы орталықтан-дырылған кітапхана жүйесінде әр жұма сайын оқырмандар конференциясын өткізу қолға алынды. Осындай іс-шараның алғашқысы өткен аптада №3 орта мектеп жанындағы жазғы сауықтыру алаңында демалушылардың қатысуымен өтті.

Бұл күні қазақ елінің тарихы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, өнері мен әдебиеті, ұлы тұлғалары жайындағы «Сен білесің бе?» атты балаларға арналған энциклопедияның тұсауы кесілді.

Салтанат барысында кештің құрметті қонағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш кітаптың адам өмірінде алар орны жайлы айтып, балаларды жазғы демалысқа шығуларымен құттықтады. Бұдан соң оқырмандарға қызмет ету бөлімінің жетекшісі Шолпан Сабырова ойын түрінде энциклопедиялық жинақтың ең негізгі бөлімдеріне тоқталып, көптеген құпия жайттар мен тарихи оқиғалардың, табиғи құбылыстардың сырын түсіндірді.

Сондай-ақ, іс-шарада кітапханашылар бейнесюжеттер, сұрақ-жауап арқылы балаларға атақты батырлар, Қазақстанның қалалары жайлы толық мағлұматтар берді. Кітаптың ұлттық ойындар бөлімінде балалар тапсырмалар орындаса, аңшылық бөлімінен аңшы құстардың түрлері мен ерекшеліктері туралы білді.

– Көркем тілмен, қысқа әрі нұсқа жазылған мәтіндер балалардың туған жері мен халқы, тілі мен діні, әдебиеті мен мәдениеті үшін мақтаныш сезімдерін оятып, ұлы ата-бабаларының асыл мұраларын құрметтеуге баулиды. Бұл жинақтың мектеп оқушылары үшін тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, жаратылыстану секілді пәндерді меңгеруге көмекші құрал бола алатыны сөзсіз, – дейді энциклопедия жөнінде Шолпан Берлібекқызы.

Көтеріңкі көңіл-күйде өткен мәдени шара соңында белсене қатысқан балаларға ескерткішке кітаптар сыйға тартылды.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.