«Ұлағаттың ұшар биігі»

20140613-05-02

Ыбырай Алтынсарин атындағы №19 орта мектебінің ұстаздар ұжымы жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі, тәжірибелі тәлімгер Тілеукүл Төлешқызы Ермағанбетованы құрметтеу кешін «Ұлағаттың ұшар биігі» деп атапты. Кешті мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәуренбек Бұланбаев жүргізді.

«Ұстаз деген – жарық күні ғаламның. Ұстаз деген – анасы ол адамның…» – деп кешті бастаған ақын Дәуренбек Тілеукүл Төлешқызының зейнеткерлікке жету құрметіне арналған кеште әріптестерінің ыстық ықыласын жеткізіп, ұлағатты ұстазды сахна төріне шақырды.

Ұстазға қанша құрмет көрсетілсе де аздық етпейді. Бейнетінің зейнетін көрер жасқа жеткен құрметті де қадірлі Тілеукүл Төлешқызын құттықтау үшін қалалық білім бөлімінің аманатын арқалап келген әдіскер Құралай Әбдуақасқызы ұстаз Тілеукүл Ермағанбетованың әдіскерлік саладағы қалаға танымал еңбегін ерекше атап өтіп, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылованың атынан Алғыс хатын жеткізіп, сый-сияпат көрсетті.

– Ұстаздардың ұстазы, оны ішінде менің де ұстазым Тілеукүл Төлешқызы 40 жылдық ұстаздық жолының 30 жылын біздің №19 орта мектепке арнады, – деп бастаған №19 орта мектептің басшысы Биғайша Шүкенова ұлағатты ұстазға деген ыстық ықыласын, жүрекжарды тілегін жеткізіп, мектеп ұжымы атынан бағалы сыйлығын табыс етті.

Бұл күні кештің қадірменді қонақтары ретінде қатысқан Сәтбаев қаласының білім саласына көп жылдар бойы еселі еңбек сіңірген ұстаздар Шайза Дәуенқызы, Зағира Құлыбекқызы, Зейнел Есімсейтқызы, Күлтай Терлікбайқызы, басқа да қадірменді қонақтар ақ тілек, таза ниеттерін жеткізді.

40 жылдың ішінде Тілеукүл Төлешқызының қаншама шәкірттері білім нәрімен сусындап, өмірде өз орнын тапты, қаншама жас мамандар білім ордасында ұлағатты ұстаздан тәлім алды! Кеште Тілеукүл Төлешқызының оқушыларының ата-аналары, қазір қанаттары қатайып, азамат болған шәкірттері, мектеп ұжымының жас мұғалімдері әдемі ақ тілектерін айтты.

Құрметтеу кешінде ұстазға мектеп ұжымының ұстаздары мен оқушылары би мен әннен шашу шашты.

«Көтерер иығымен ғалам жүгін.

Ең басты бақытым ол – мамандығым.

Ғибратты ғұмырының бір үзігін

Шәкірттің шаттығынан табам бүгін», – деп ой түйген Тілеукүл Төлешқызына құрмет көрсетіп, еңбегін елеп, «зейнеткерлік жасқа жетсеңіз де, қатарымыздан әлі де сізді көргіміз келеді» деген ықылас білдірген №19 орта мектебінің ұстаздар ұжымының өткізген кеші ұстазға деген құрметтің тағы бір нышаны болды. Біз де Тілеукүл Төлешқызына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, шаңырағына шаттық пен бақыт тілей отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі қажырлы еңбегіңіз жалғаса берсін демекпіз.

Мәди Әлжаппаров. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.