Жүрек жылуын балаларға арнаған

20140613-04-01

Егер сіз Қарағандыдан Алматыға поездбен сапар шексеңіз, Жарық кентінен кейін егіз қозыдай жұптасып қатар жатқан Нілді станциясы мен Өспен кентіне тап боласыз. «Топырағына қарай дәні» демекші, бұл өлке ырыс қонған киелі жер. Олай дейтінім, мемлекет қайраткері, Қазақ әдебиетінің негізін салушы, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин Нілдідегі орыс-қазақ мектебінде екі жылдай білім бұлағынан сусындаған, табанының ізі, қолының табы қалған жер. Бүгінгі мақаланың желісіне арқау болып отырған Калила Сеилова – осы өлкенің тумасы.

Әкеден – ақыл, анадан мейірім көріп, олардың сөз-дерін, ақыл-кеңесін өзіне өнеге тұтқан Калила жас кезінен дәрігер мамандығына ынтық болып өсті. Сабаққа бара жатқанда, не болмаса үйге қайтқан кезде ақ халат киген аурухана қызметкерлерін жиі көретін, жол қиыс болса да емхананың қасынан өтіп, ақ халат киген кісілерге қызығушылықпен көп қарайтын. Балалық арман есейе келе үміт оты болып лапылдап, дәрігерлік мамандыққа аңсары ауған Калила онжылдық мектепті бітірісімен 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны 1984 жылы ойдағыдай аяқтағаннан кейін еңбек жолын Сәтбаев қаласындағы орталық ауруханадан бастады.

«Мамандықтың бәрі жақсы, әрине. Дәрігер – мамандықтың патшасы» демекші, осы мамандықты жүрегімен қалап, қызығы мен қиыншылығы қатар жұмысқа араласқанына биыл 30 жыл толып отыр.

– Білікті, білімді маман болып, таңдаған ісіме үлкен жауапкершілікпен қарап, жүктелген міндетті кіршіксіз орындауыма, осындай дәрежеге қол жеткізуіме ұстаздарымның көп көмегі тиді. Олар: Елеусізова Қарлығаш, Әбікенова Дина, Қоңырова Әлия, Ташенов Баянғали, Хасенова Тыныштық.

Сонымен қатар, өзімнің білімімді жетілдіру үшін 11 рет Қазақстанның қалаларында болдым, көптеген монографияларды, оқуда жүргенде сатып алған кітаптарды түні бойы ақтаруға тура келді, дейді – Калила Сайлауқызы. – Осы уақыттарда балалардың өмірін сақтап қалу үшін олардың ата-аналарымен бірге күйзеліске түсіп, көзіме жас алған күндерімде сан жоқ. Кейбір ата-аналар баланың жаны мұрын ұшына келгенде ғана дәрігерге қаралады, тіпті елемейтіндері қаншама?! Кейде бұл немқұрайлылық сәбилердің өмірден мезгілсіз өтуіне әкеліп соғатынына жүрегің сыздайды. Сондықтан, әр адам өз денсаулығына өзі жауапты екенін ұмытпай, ұлы ақынымыз Жамбыл Жабаевтың сөзімен айтқанда, «Денсаулық еш уақытта сатылмайды, сатыпта алмайсың. Сондықтан, оны көздің қарашығындай сақтау керек», – деп түйіндеді сөзін кейіпкеріміз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің дамып, көркеюіне зор көңіл бөліп отырған заманда, дені сау баланы дүниеге әкелуге, олардың денсаулығын жіті қадағалауға аянбай еңбек етіп, ұжым мен әріптестер арасында үлкен беделге, сый мен құрметке ие болып отырған Сеилова Калила Сайлауқызы – осындай жан.

Бірінші санатты дәрігер, білікті маманның жүріп өткен жолы артынан ерген ізбасарларына үлгі болары сөзсіз.

Ұлағатты ана, ақ халатты абзал жан Калила Сайлауқызын және Әлия Қоңырова басқарып отырған емхана ұжымын алдағы төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілеймін. Халықтан алған баталарыңыз өздеріңе нұр боп құйылсын!

Иса Кантеев, Сәтбаев қаласы емханасының бөлім меңгерушісі.

Комментарии закрыты.