Түнгі жарықтандыру – басты назарда

Қала шырайын арттыра түсетін негізгі фактордың бірі – самаладай жарқыраған түнгі жарық көшелер десек, артық айтқанымыз болмас. Түнгі жарықтандыру жұмыстары қала келбетін арттырып қана қоймай, жазатайым оқиғалар мен ұрлық, қарақшылық әрекеттерге де тосқауыл қоюға өзіндік сеп екені айдан анық.

Дүйсенбі күні қала басшысы Әнуар Омардың төрағалығымен осы мәселеге бағытталған жиналыс болып өтті. Жиналысқа қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен бас мамандар және «Лаборатория энергосбережения» ЖШС өкілдері қатысты.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Болатбек Жақсыбаевтың айтуынша, қаламызда 3700 дана жарықшам орнатылған. Қала көшелері мен аулалардағы бұл жарықшамдар электр энергиясын үнемдеуіш шамдарға ауыстырылып, нәтижесінде энергия тұтыну көлемі 40% төмендеген. Ағымдағы жылы көшелерді жарықтандыру нысандарын күтіп ұстауға 11, 2 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға бекітілген іс-шараларға сәйкес 30 жарықтандыру бағанын, 30 жарықшамды, 728 дана шам ауыстыру, 60 қосу автоматтарын, 40 автомат, 40 фотореле, 40 қорғауыш құралдарын, 11 есептеуіш құралдарын, 303 метр қапталған сымдар кабелін ауыстыру жоспарланған. Жалпы қаламыздағы 66-шы орам, Н.Әбдіров және Ұлытау көшелеріне қарасты кейбір аумақтар жарықтандыру жұмыстарын қажет етеді. Болашақта шығыс және батыс аудандағы көшелердегі жарықтандыру жүйесін күрделі жөндеуден өткізу жұмысы да жоспарда бар.

Қала көшелерін түнгі мезгілде жарықтандыру мәселесіне шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының иелері бейқам қарайтынын сынға алған қала басшысы, «туған қаланың кескін-келбетінің талапқа сай болуы бағытында бизнес өкілдері салғырттыққа жол бермеуі тиіс» деді. Осы сын қаламыздағы банк ғимараттарына, жанар-жағармай құю бекеттері иелерінің де тарапына айтылды. Ал, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты нысандардағы 171 жарықтандыратын шамдардың 47 данасы жанбайтын болып шықты.

Әнуар Серікбайұлы Кеншілер қаласындағы жарықтандыру жұмыстарына көңілі толмайтынын айта келе, электр жарығын үнемдейтін шамдардың жеткілікті деңгейде жарық шашпайтынына тоқталды. Көшелердегі жарықшамдардың күтіміне жауапты «Лаборатория энергосбережения» ЖШС өкілдеріне бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы деңгейде атқарылуын талап етіп, тұрғындардың түнгі мезгілде еркін жүріп-тұруына барынша жағдай жасалуы тиіс деді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.