Стратегияның басым бағыты

20140613-02-04

Елбасы Жолдауын насихаттайтын қаламыздағы арнайы ақпараттық топ өз жұмысын жалғастыруда. Стратегияның басым бағыты болып саналатын бейбітшілік, руханият және келісім мәдениетін діни тұрғыда түсіну – сана мен сауаттылықтың белгісі.

Жақында Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахта қызметкерлері үшін арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Бауыржан Балтабеков, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сұлтанбек Ешмаханов қатысты.

Дәстүрлі дінді бәске салған адасушылар саны бүгінгі таңда көбеймесе азаяр емес. Үгіт-насихат тобының негізгі мақсаты – адасқан пенделердің дұрыс жолға түсуіне себепкер болу. Бауыржан Құмарғазыұлы түрлі мысалдарды негізге ала отырып, «молланың айтқанын істе, ісін істеме» деген сөздің өте дұрыс айтылғандығын атап айтты. Себебі, дінге түбегейлі берілмей, күнделікті тіршіліктен қол үзбей де ислам дінін ұстануға болады.

Кеншілер тарапынан бұл адасушылық пен террорлық әрекеттерден қалай аулақ болу, құтылу керектігі туралы сұрақтар қойылды.

Ал Сұлтанбек Кенжебайұлы халықты мазалаған сұрақтарға «Қазақстанның алға қойған мақсаты – ешбір зорлық-зомбылықсыз, бейбіт жолмен түйінді мәселенің шешімін табу» деп жауап берді. Түрлі қақтығыстарды тек дінге қатысты туындайды деп білу әбестік әлбетте. Жиында жұмыс кезінде намаз оқу мәселесі де талқыға салынды.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.