Жана – АРЫС, қаны – НАМЫС

20140620-08-1

Қадірменді ағамыз Сейтжан Бексауытовтың сырқаттанып жатқан кезі болатын. Көңілін сұрап, «әне барам, міне барам» деп жүргенде біраз уақыт өтіп те кетті. Университетте менімен бірге қызмет ететін балалары Бауыржан мен Нұрзияштан Секеңнің халін сұрап қоям. Соны қанағат тұтып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп жатқан күндерімнің бірінде көше қиылысында мектептес досым Қуанышбек Тілеубаев кездесе кетті. Бір класста екі Қуанышбек болды да біз олардың бірін Нарбаев, екіншісін Тілеубаев деп фамилиясымен атайтын едік. Сол әдетпен:

– Тілеубаев, жол болсын! – дедім Қуанышбекке.

– Әлей болсын. Сейтжан аға сырқаттанғалы барған жоқ едім. Сол кісінің көңілін сұрауға бара жатырмын, – деді досым.

Бейне бір жоғым табылғандай қуанып кеттім.

– Мен де барам, – дедім жадырап.

Қуанышбек екеуміз Сейтжан ағаның үйіне келгенде ол төргі бөлмеде диванда жантайып кітап оқып жатыр екен.

– Ассалаумағалейкум, – деген біздің қосарлана шыққан даусымызға елеңдеп, өзінің табиғатындағы жеңілдігімен шұғыл тұрам дегенде сол жағына қарай аударыла беріп, енді бірде өзінің сырқаттығы есіне түсіп, тез бойын тіктеп ала қойды. Құлаған жоқ.

Ағаның қолын жамырай алып, диванның қасындағы орындыққа қатар жайғасып, Секеңнің хал-жағдайын сұрап жатырмыз. Біздің дабырласқан дауысымызды естіп, ас үйден келген Тәкен тәтеміз жарқын жүзі бұрынғыдан бетер шырайлана, самайына түскен бурыл бұйра шаштарын артқа қайырды да бізбен қолдасып амандасты:

– Секеңнің жақсы көретін інілері кеп қапты ғой. Ағаларың сендерді сағынады, – деді Тәкен өзіне ғана тән ақжарқын, майда қоңыр дауысымен сызылып.

– Сен бұларға тамақ істе. Біз карта ойнаймыз, – деді Секең бұйрық райда.

Біз рұхсат сұрауға ыңғайлана бергенде Секең әдеттегі шапшаңдығымен әмір бере сөйлеп:

– Осыдан кетем десеңдер екеуіңді де сабаймын, – деп столды жұдырығымен қойып қалды. – Құдай бір қолымды алса да, бір қолым сау!

Ағамызбен сол жолғы соңғы кездесуді қысқарта айтқанда, Секеңнің әмірі бұлжытпай орындалды. Тамақ та желінді, карта да ойналды, әңгіме де айтылды, қысқасы, есте қаларлықтай бір емен-жарқын отырыс болды.

Араға бір-екі жыл салып, Сейтжан ағамыз қайтты. Ақ жауып, арулап ағамызды жерледік. Оған деген қимастық, сыйластық сезімі әлі де арыла қоймаған кезде, бір жолыққанда Секеңнің ұлы Бауыржан:

– Аға, менің көкем жайлы жазамын дегенің қайда? – деп оқыс сұрақ қойды.

Сауалы орынды. Жұмыс бабымен жүргенде Бауыржанмен бір кездері қызмет бөлмелеріміз қатар болды да, мен оған Секең туралы бірнеше қызықты әңгімелер айтқам, сәті түссе соларды қағазға түсірем деген ойымның барлығын да жасырмағам.

Тіршілік түйткілімен жүргенде біраз уақыт өтіп кетті. Қапелімде Бауыржан інімізден де айрылып қалдық. Аға жайлы қалам тербеу көңілдің түкпірінде қала берді.

– Аға, біздің папамыз туралы қашан жазасыз, – деді бірде Секеңнің қызы Надя.

Бейне бір қалың ұйқыдан оянғандай болдым. Бәсе десей, қашан жазам. Жаны – арыс, қаны – намыс аға жайлы жазбағанда, кімді жазам?! Осы өткір сұрақ жанымды мазалап жүргенде алғаш көкейіме келген ой – «неден бастасам екен?». Әрине, ағаны алғаш көрген сәттен бастау керек…

… Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының орта кезі. Байқоңыр көмір кеніші жабылып, шахтерлер өндірісті қалаларға көшіп, қалашықта азын-аулақ зейнеткерлер ғана қалған. Орта мектеп жабылып, жетіжылдық болып қайта құрылған. Әкей Жезқазған кен-металлургия комбинатының көліктік жылқыларын бағады. Жайлауымыз – «Аққұдық», «Қарашың». Жылқы қыста қолда ұсталады. Жаз жайлаудан қалашықтағы туыстарға қымыз тасимын. Осындай бір сапармен Байқоңырға келсем, қалашықтың ескі клубында кино қойылып жатыр. Киноның үнін бір қыдыру жерден естіп, құлшынып келем. Бірақ, оған билет алып кірерліктей қалтамда көк тиын жоқ. Клубқа таяу келіп, атымды бағанаға байлап, көлеңкеде дойбы ойнап отырған екі адамға сәлем бердім. Менің сәлемімді салқындау алған олар ойындарын жалғастыра берді. Киноның атыс-шабыс даусын естіген сайын менде тағат жоқ, клубқа кіргім келіп, дегбірсізденіп барам.

– Аға, мені клубқа жіберіңізші, – дедім шағын денелі ақ сары өңді, қалың қолаң шаштары қақ айырылып, екі жағына қарай желбірей түскен кісіге жалбарынып.

– Ақшаңды төле де кіре бер – деді ол.

«Ақшам жоқ» деуге арланып, енді клубтан алысырақ кетіп қалуға оңтайланып, атыма қарай аяңдай бердім. Аяғым жүрмейді, көкейіме бір түйір бірдеңе тығындалып, жүрегім дірілдей бастағанда әлгі ағайдың:

– Әй, бала, кел тез, кіре ғой – демесі бар ма?!

Қуанғаным ба, әлде басқа ма, білмедім, әлгі көкейіме тығындалған «тығын» жанарымнан жас болып, тозығы жеткен бәтеңкеме тамып түсті…

Асылы адам өзіне жақсылық жасаған кісіні әсте ұмытпайды. Мен де солай. Кейінірек ауданға Қарсақбайға қатынап жүргенде көшеде әлгі ағаны көрген сайын бұрылып сәлем берем.

– Сен осы қай баласың? – дейді ол.

– Мен анада, Байқоңырда сіз киноға кіргізген баламын – деймін мен.

Кейін араға жылдар салып, өзім де қарсақбайлық болғанда атын біліп алдым. Есімі Сейтжан екен. Мен ол кезде жетінші сыныпта оқимын. Совет досым екеуміз бірде шайханаға барып, екеуара бір борщ алып, соны қаужап жатқанда үш өзбек кіріп келді. Үшеуі де қызу. Қылжақбастау біреуі сөренің аржағында тұрған сұңғақ бойлы, қара торы өңді, бұйра шашы бұрқырай шыққан, өрген бұрымы толарсағына дейін төгіле түскен, сұлу, сымбатты келіншекке тиісе бастады. Осы кезде сырттан енген Сейтжан ағам келіншекпен етене жақын адамдарша сөйлесе бастап еді, анау:

– Біз әңгімелесіп тұрмыз ғой, рұхсат қайда? – дегендей сыңай танытты.

– Рұхсатты сіз бізден сұраңыз. Бұл кісі менің зайыбым, – деді Сейтжан.

Анау әжуалап бірдеңе деген болды. Оны мен нақты ести алмадым.

Одан әрі олардың не дегенін білмеймін. Секең шапшаң басып сыртқы есікке беттеді. Оны қорқып қашып барады деп түсінген үш өзбек бар дауысымен қарқылдап күлді. Секең сыртқы есікті іштен шөткелеп келді де әлгі әжуа айтқан өзбек жігітті омырауынан қапсыра ұстап баспен тұмсықтан бір ұрғанда анау тырапай асты. Оған болысам деп ұмтылған екіншісін де сұлатты. Жығылған өзбек орнынан тұрып келеді. Тамақ ішу жайына қалды. Біз үрпиісіп түрегеп тұрмыз. Сатушы келіншек өксіп жылап тұр. Орнынан тұрған жігіт Сейтжанға қарай ұмтыла бергенде менің Совет досым бос орындықты аяғымен сырғытып жібергенде, анау оған сүрініп, омақаса құлады. Ол түрегелем дегенше болған жоқ, Сейтжан оны алқымының астынан бір тепті. Секең қаша ұрыс сала жүріп, екінші жігітті де сұлатты. Үшіншісі іштен ілулі есікке қарай қаша берем дегенде Сейтжан арыстанша атылып барып, екі иығынан қапсыра ұстап, қақ жауырынының ортасынан тіземен тепті. Ол да оңбай құлады. Сол сәтте көзім түсті, Секеннің құлағынан қан ағып жүр екен. Ол шапшаң қимылдап, сыртқы есікті ашты да:

– Менің атымды атама!, – деп келіншегіне әмір берді де, қас-қағымда тайып тұрды.

Оның қайда кеткені бізге беймәлім. Бізге мәлім сурет сол – үш өзбек жігіті солбырайып орындарынан тұрып жатыр. Түрлері әлем-тапырық. Келіншек қалш-қалш етеді. Біздің де жетісіп тұрғанымыз шамалы, дір-дір етеміз.

Басқаны қайдам, әлгі аласапыран айқас-қиссаны көп оқыған маған Әзіретәлінің соғысындай әсер етті. Денесі шағын адамның алпамсадай үшеуін жайратып салғанына айызым қанды. «Шіркін, жігіт болсаң осындай бол!» Қапелімде менің ойыма келгені осы.

Кейін білдім, сұлу келіншек шын мәнінде Секеңнің зайыбы – Тәкен екен. Ал, өзбектер сол жылдары Қарсақбайға әлдене себеппен келгендер. Олар топтаса жүріп Сейтжанды іздепті. Айқас тағы болыпты деген лақап біразға дейін сейілмей жүрді. Ал, әлгіндей батырлыққа – үшеуге жалғыз қарсы шығуға итермелеген не? Әрине, ол бойына симаған қару емес, жүректе тулаған – намыс! Сүйген жарды қорлаудан қорғау намыс оты.

Ешқандай әсірелеусіз айтқанда, Секең нағыз жаны – арыс, қаны – намыс, мейлінше батыл адам еді. Азамат аға еді. Мен оның бұл қасиетін талай рет дастархандас, дәмдес болғанда анық білдім. Бір кездері біз Жездіде көрші де тұрдық. Ол кісі аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Мен газетте тілшімін. Секеңмен қызмет бабында күн сайын кездестік, тіпті, оны айтасыз, кейде әзілдесіп, кейде ауылға сапарға шығып дегендей, бір кісідей араластық та. Сонда байқағаным, Секең шыншыл, турашыл кез келген лауазымды адаммен терезесі тең сөйлесе алатын адам-тын.

Сейтжан ағаның аңғалдығы, ұмытшақтығы, батылдығы бола тұра бюро, исполком десе, одан «қорқақтығы» да болатын. Ұмытып барады екем, ол бертін келгенше менің есімімді шатастырып келді. Ол мені бірде Мыңболсын, бірде Көпболсын деп атап жүрді.

Секеңнің сыйластары да, құрдастары да, қимастары да көп болатын. Әрине, олардың бәрінің есімін атап шығу мүмкін емес. Мен білетін достарының бірі – Серікбай Бегайдаров еді. Тағдыр айдап, Қарсақбай мыс қорыту зауытының байланыс цехында – телефон станциясында монтер болып еңбек еткен кезімде бұл ағамызбен де бір адамдай жақындасқанмын. Серекең әңгімешіл еді. Бозбала, жігіттік кезінде Сейтжанмен өткізген шақтарынан қызықты естеліктер айтатын.

Екеуміз қатар жүргенде ешкім бетімізге келіп көрген жоқ, небір ауызымен құс тістеген «атақты» азаматтардың өзі алдымыздан кесіп өтпейтін, – дейтін Серікбай көңілденген бір сәттерде.

Сол кездегі ұғыммен айтқанда, Секеңмен жолдастығы жарасқан жігіт ағасының бірі бүгінде елге сыйлы ағамыз Тұрар Әлменов. Біз Жездіде тұрғанда Тұрекең Жетіқоңырда бас дәрігер еді, ауданға есеп бере келгенде атбасын алдымен өзінің үзеңгі жолдасы Сейтжанның үйіне тірейтін. Бұл екі достың кездесулерінің мерекеге ұласып кететіндігінің талай рет куәсі болдық та. Олардың сарқытынан ауыз тиген де сәтіміз болған.

Сейтжанның ерекше бір қадірлеген, өзінің ізін басқан өкшелес інісі бүгінде ел ағасы болған Жәлел Шубайұлы Қалмағанбетов. Қарсақбайдан түлеп ұшып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жетекші бөлімі – ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісіне дейінгі жолдан өткен Жәлел Шубайұлының өзіне жасаған жақсылықтарын Секең мейлінше мерейленіп әңгімелейтін.

Жауапты жұмыста жүрген Жәлелге көп қолқа салғам жоқ. Ал, күрмеуі қиын тіршілік түйткілінде өз өрем жетпеген тұста көмек сұраған кездерім болды. Жаны жайсаң жігіт қой Жәлел, өтінішімді ешқашан жерге тастаған жоқ, – деген Секеңнің ризашылығын талай рет естігенбіз.

Қайсыбірін айтайын. Секең Әбдуәли Нысанбаев, Сапабек Мырзатов, Дүйсенбай Ахметов, Хамзе Махатов, Сағындық Қожамсейтов, Мұхтар Бәйменов сияқты зиялы інілерін қатты қадірлейтін. Өзінің етжақын туыстарынан Смағзұм және Тағанбай Салқауовтардың, Тұрғынбай Сақауовтың, Серік Сайдалиннің өздерін де, олардың отбасын да ағалық сезіммен ерекше құрметтейтін. Мен мұны жәй бір қызыл сөз үшін айтып отырғам жоқ, шынайы өмір шындығының өзі осы. Өйткені, мен ағаның абзал жүрегіндегі ой-толғамды, ол кісімен көзі тірісінде болған сыр-сұхбаттан шама-шарқымша ұққан едім.

Мен бұл очеркімде Секеңдей сыйлы ағаның өмірбаянын, не болмаса атқарған қызметін тізбелеп айтып шығуды мақсат еткем жоқ. Басы ашық мәселе сол, Сейтжан Бексауытов Жезді, Қарсақбай өңірінің 1960-1980 жылдардағы мәдениетінің өркендеуіне, «ел іші – өнер кеніші» десек, сол ел арасынан не бір сұңғыла өнерпаздардың шығуына өзіндік үлес қосты. Соның жарқын мысалы ретінде сонау Мәскеу, одан қалды, алыс шетелдерге Қарсақбай, Ұлытау атын әйгілеген күміс көмей әнші – Сұлтан Сәдуақасовтың, биші – Зайраш Әлиеваның, күйші – Қыдырма Ғазизовтың есімдерін атауға болады.

Секең үйіндегі Тәкен жеңгеміз мәдениетті отбасының, кез келген адаммен ашық-жарқын әңгімелесіп, тіл табысудың, үлкенге ізетті келін, кішіге жайдары жеңге болудың нағыз нақышты үлгісін көрсетіп келеді. Олар тәрбиелеген балалар қазір халық шаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүр. Нұржамал мен Бәтима – дәрігер, Нұрзияш – вахтада кезекші, Үрзетай – сатушы, Кеншімбай – мұнайшы, Гүлжан – техник-бақылаушы. Бауыржан мен Мұратжан қайтқан. Секеңнің Гүлзат, Қамар, Анар сияқты келіндері мен Жұмабек, Рақым, Талғат сияқты күйеу балалары өнегелі отбасының ұйытқысы. Олардан өсіп-өнген немерелер Тәкен әжемнің әрі алданышы, әрі қуанышы.

Бүгінде Секең жоқ ортамызда. Жаны – арыс, қаны – намыс ағаның отын сөндірмей, атын өшірмей Тәкен жеңгеміз отыр. Аға шаңырағынан шыққан түтіннің түзулігін көріп, оның ұл-қыздарымен кездесіп, сәлемдескен сайын Сейтжандай сұңқар ағаны көзге елестестем. Басқа қолымнан не келеді…

Көбейсін Еңсебаев, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.