Білім сапасы нәтижемен өлшенеді

Дүйсенбі күні әкімдіктің мәжіліс залында қала әкімі Әнуар Омар 2014 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша білім мекемелерінің басшыларымен жүздесті. Жиналыс барысында қала басшысы білім мемлекет дамуындағы маңызы ерекше стратегиялық салалардың бірі екеніне тоқталып, биылғы жылы өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудегі жетістіктер мен олқылықтарды талқылады.

Жалпы, Сәтбаев қаласында 2014 жылы мектеп бітірген 313 түлектің 177-і ғана тестілеуден өтуге өтініш білдірген. Қала басшысы алдында есеп берген білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова жыл сайын ҰБТ өтетін түлектердің саны төмендеп отырғанын айтып, бұл құбылысты мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ сертификатын талап етпейтін орта кәсіби білім беретін колледждерге түсуімен, не болмаса шетелдегі жоғары оқу орындарын таңдауы сынды себептермен түсіндірді. Қорытынды бойынша биылғы оқушылардың орташа білім сапасы 71,2 % құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 0,5 % пайызға төмендеп, қаламыздағы 3 мектеп білім сапасы төмен деген бағаға ие болды.

Биыл «Алтын белгіге» үміткер бес оқушының екеуі ғана өз білімдерін растады және бұл екі оқушы да С.Сейфуллин атындағы гимназия түлектері. «Алтын белгі» иегері Әлия Әмірханова – 114 балл, ал Камила Лесова 112 балл жинады. Ал, үздік аттестатқа үміткер 8 оқушының ішінде тек С.Сейфуллин атындағы гимназияның бір оқушысы ғана үмітті ақтады. 11 оқушы 100 және және одан жоғары балл алса, 45 түлек ҰБТ нәтижесі бойынша «4» және «5» деген бағалар алған. 57 түлек (37%) қажетті деңгейдегі балл көлемін ала алмаса, 9 оқушы «қанағаттанарлық емес» деген бағаға лайық деп танылды. Жалпы, ең жоғары білім сапасын С.Сейфуллин гимназиясы (70%), ал, ең төмен сапаны №7 (8,3%) орта мектеп көрсетуде. Нөлдік білім сапасы № 3, 7 орта мектептерінің еншісіне тиіп отыр.

ҰБТ қорытындысы бойынша орташа бағаның төмендеуі, орыс мектептеріндегі қазақ тілі және қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәндері бойынша алынған нашар бағалардың салдарынан орын алған. Білім мекемелері оқушыларды қорытынды аттестацияға дайындау барысында мейлінше деңгейде мүмкіндікті пайдаланбауы және жеке пән мұғалімдері тарапынан үлгерімі төмен оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізілмеуі – биылғы жылдың тестілеу барысындағы негізгі сәтсіздіктер ретінде аталып өтті. Мектептердегі жаңа модификациялық кабинеттердің мүмкіншіліктерін толық пайдаланбау, «Финист» жылдам тестілеу жүйесін уақытылы жаңаламау және ҰБТ логикалық сұрақтармен талдау жұмыстарын жүргізбеу де негізгі себептер ретінде аталды.

Жиында қала басшысы Әнуар Серікбайұлы соңғы үш жылдың көлемінде ҰБТ нәтижесі бойынша төмен көрсеткіштер деңгейінде жүрген кейбір мектеп басшыларының жүйелі түрде ұйымдастырылмаған оқу процесі үшін сын айтып, білім сапасы қанағаттандырмайтынын жеткізді. Нақты білім көрсеткішін көтеру бағытындағы талаптар мен міндеттердің өз деңгейінде орындалмай жатқанын айтып, қай кезде де білім көрсеткіші нәтижемен бағаланатынын айтты. Жиын соңында қала басшысы бірқатар жауапты тұлғаларға міндеттер жүктеді. Білім сапасы және оның нәтижесін әрдайым жіті назарға алу, оқушылардың мектеп бағдарламасын толық меңгеруі, жаңа технологияларды тиімді пайдалану – солардың негізгілері.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.