Мемлекеттік қызметкер мансап иесі емес

20140620-02-1Елбасының Жарлығына сәйкес өткен жылдан бастап 23 маусым Мемлекеттік қызметкер күні деп аталып өтуде. Осы атаулы күн қарсаңында біз Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Алмаз Нысанбаевқа жолығып, мемлекеттік қызметкердің бүгінгі бет-бедері, оларға қойылар талаптар мен оның орындалысы төңірегінде ой қозғаған едік.

– Алмаз Серікбайұлы, елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қалыптасып жатыр. Осы бағытта арнайы Тұжырымдама да қабылданды. Бұл құжат мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігін арттырып, оларға қойылатын талап деңгейін түбегейлі өзгерте алды ма?

– Елбасымыз қабылдаған Тұжырымдаманың маңызы өте зор. Тұжырымдама Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделін рәсімдеуге және оны әрі қарай кәсібилендіруге бағытталған заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу үшін негіз болады. ҚР мемлекеттік қызметі жүйесін дамыту мемлекеттің Тәуелсіздік жылдардағы рөлінің өзгеруі, саяси жүйенің, экономиканың, қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру процестерімен тығыз байланысты. Бұл, әрине, мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігін ұлғайтып, оларға қойылатын талап күшейтіледі деген сөз.

Тұжырымдаманы іске асыру 2011 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі аралыққа есептелген және мынандай екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде (2011-2012 жылдар) мемлекеттік қызметке орналасу және мемлекеттік қызметтің кадр резервін қалыптастыру рәсімдерін жақсарту; мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау жүйесін енгізу және тағы басқа талаптардан тұрса, екінші кезеңде (2013-2015 жылдар) мансаптық жоспарлау жүйесін енгізу, кәсіби даму мен оқытудың дара жоспарларын енгізу, мемлекеттік қызметтің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру: мемлекеттік қызметті кәсібилендіру жөніндегі ұзақ мерзімді шаралар жүзеге асырылатын болады.

– Кей жағдайда қалалық бөлімдердің, мекемелердің басшысымен тілдесу үшін ұзақ-сонар «тексерілесің». Кімсің? Қандай шаруамен келдің? деген сияқты. Бұл қызметтік этикаға қайшы екені белгілі. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмауда не істеген жөн?

– Мемлекеттік қызметкер мансап иесі емес, ол халыққа қызмет көрсететін адам. Сондықтан да, келген адамды мәдениетті қабылдап, көтерген мәселесін тыңдап, заң талабы бойынша түсініктемелер беру – әрбір мемлекеттік қызметкердің негізгі жұмыстарының бірі.

Жалпы, 2013 жылдың қазан айынан бастап ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс кодексіне өзгерістер енгізілген болатын. Бұл өзгерістер барлық мемлекеттік қызметкерлерге уақытылы таныстырылды. Сондай-ақ, ол құжаттың жаңа мәтіні барлық мемлекеттік мекемелердің стендтеріне ілінді. Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген Қарағанды облысының облыстық, қалалық және аудандық бюджеттеріннен қаржыландырылатын барлық жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметкерлерінің қызмет этикасының қағидаттары да барлық мемлекеттік мекемелердің стендтерінен орын алды.

Осындай ұйымдастыру шараларының оңтайлы жүргізілуінің нәтижесінде біздің қалада мемлекет қызметкерлері тарапынан жемқорлық, құқық бұзушылық және Ар-намыс кодексін бұзу фактілері орын алған жоқ.

– Қаламыздағы әкім аппараты мен жергілікті атқарушы биліктегі мемлекеттік қызметкерлердің сапалық құрамы қандай деңгейде?

– Бүгінгі таңда әкім аппараты мен жергілікті атқарушы органдардың штаттық саны 94 мемлекеттік қызметкерді құрайды. Олардың 58-і әйел. Бұл барлық мемлекеттік қызметкерлердің 64 проценті.

Мемлекеттік қызметкерлердің орта жасы 45 жасты құрайды. Қызметкерлердің 90-ының жоғары, 4-еуінің арнаулы орта білімдері бар.

2014 жылдың басынан әкімшілік мемлекеттік қызметі «Б» корпусының кадрлық резервіне 2 адам тіркелді. Оның біреуі жұмысқа орналастырылды.

Қаламызда гендерлік саясатты жүзеге асыруда да айтарлықтай істер бар. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметте жүрген 19 әйел басшылық лауазымдарды атқарады.

– Жұртшылық арасында мемлекеттік қызметке таныс арқылы ғана орналасуға болады деген сөздер жиі айтылып жүр. Бұл пікірдің негізі бар ма?

– ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, баспасөз-бұқаралық ақпарат құралдарында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға конкурс жариялау туралы хабарландырулар шығып жатады. Барлық конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары онда толық келтірілген. Соған сәйкес келген үміткердің құжаттарының қабылдануына шектеу қойылмайды. Конкурсқа қатысқан үміткердің білім деңгейін компьютер есептеп шығарып береді. Одан кейін арнайы комиссия әңгімелесу өткізеді. Білім сапасы жоғары, мемлекеттік қызметке қатысты заңдар бойынша сұрақтарға мүдірмей жауап берген, сана-сезімі жоғары, қабілетті үміткер ғана кадр резервіне қойылады.

Бұл жұмыстар біздің қаламызда да талапқа сай жүргізілуде. Бос әкімшілік лауазымдарға орналастыруға конкурс өткізу және конкурс комиссиясын қалыптастыру қағидаттарын бекіту туралы Ережеге сәйкес, конкурстық комиссияның жұмысы әділ және айқын болуы үшін конкурстық комиссияның отырысында бақылаушы ретінде ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттіктің Қарағанды облысы бойынша Департаментінің өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысады.

2014 жылы Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының және жергілікті атқарушы органдардың әкімшілік мемлекеттік бос лауазымдарына орналастыру бойынша 8 конкурс өткізілді. Барлық бос орындар кадрлармен толықтырылды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.