Білімді ұрпақ – білікті ұстаздан

Қазіргі жаһандану үрдісінде, әлемдік бәсекелестікті күшейте түскен заманда елімізде білім сапасын көтеру ауқымды мәселеге айналып отыр. Сондықтан, мемлекет ұстаздардың біліктілігіне баса назар аударып, оқушылардың сапалы білімді игеріп, қоғам мен мемлекетке қажетті тұлға болуын талап етуде. Яғни, кез-келген педагогтан өз пәнін терең біліп қана қоймай, құқықтық, психологиялық, ақпараттық технологияларды жан-жақты пайдалану, өз жұмысында нәтижелі қолдану керектігін көрсетеді.

Осыған орай, мемлекет білім саласын барлық нормативтік базамен (интерактивті тақта, ғаламтор, компьютер, жабдықталған практикалық-лабороториялық, мультимедиалық кабинеті, жабдықталған химия, физика кабинеттері, оқу құралдары, ғылыми негіздегі кітаптар, электрондық оқулық, әдістемелік құралдар т.б.) қамтамасыз етіп отыр. Осы себепті сапалы білім ұстаз қолында деуге толық негіз бар.

Білім басқармасының жоспарына сәйкес, Сәтбаев қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жалпы орта білім беретін мектептердің жаратылыстану пәндері бойынша математика, физика, химия, биология, география мұғалімдері үшін жазғы мектеп 9-20 маусым аралығында жұмыс істеуде.

Жазғы мектептің мақсаты – пән мұғалімдерінің теориялық-практикалық білімдерін жетілдіру, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында әдістемелік көмек көрсету, тест жүйесімен білімдерін саралап, қиындық туғызатын пән бойынша тақырыптарды талдап, өздік білім жетілдіруді қалыптастыру болып табылады.

Сабақ күнделікті кесте бойынша 9:00-ден 17:00-ге дейін, күніне 5 пардан өтеді. Химия, география пән мұғалімдері дәрісін – №16 мектепте, физика, математика пән мұғалімдері №4 мектеп-лицейде, ал, биология пәні №25 мектепте өткізіліп жатыр. Әр пән секцияларында жоғары санатты мұғалімдер күнделікті сабақ кестесі бойынша дәрістерін жүргізіуде, яғни сабақты ұйымдастырушы ұстаз мұғалімдердің жоғары оқу орнында алған білімін жетілдіріп, өз тәжірибесіндегі білімін, әдістемелік құралдар базасын, әр сабақтағы тақырыптарын көрсетіп, оқыту әдістемесімен бөліседі. Химия пәнінен дәріс беретін пән мұғалімі К.Ж.Байсалбаева ерекше белсенділік танытып, әріптестеріне әдістемелік көмек көрсетуде.

Тұғыры биік тәуелсіздіктің туын көтерер ұрпағымыздың сауаттылығын арттыру үшін білім жүйесіндегі курстар, аталған жазғы мектептердегі оқыту сабақтарының үйретері мол.

Меруерт Жақсыбаева, №10 орта мектебінің химия пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.