Жастар жұмыссыздығын шешудің бір жолы

20140627-08-1
Жұмыспен қамту – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, қоғамдық байлықтың артуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы екені сөзсіз. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының басты бағыты өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу болып табылады. Еліміздегі қолға алынған бұл бағдарлама жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарға әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай жасау секілді міндеттерді де қамтиды. Осы орайда Сәтбаев қаласы жұмыспен қамту орталығының маманы Мәншүк Қараторғаева жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешудегі аталмыш бағдарламаның рөлі жайлы айтып берген еді.

— Тұрғындарды жұмыспен тұрақты және нәтижелi қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында біздің орталық бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарды. Мәселен, 2011-2013 жылдар аралығында бағдарламаға қатысуға 501 адам жүгінсе, оның 297-сі әлеуметтік келісім-шартқа қол қойды, оның ішінде 223 адам 29 жасқа дейінгі жастар. 2011 жылы бағдарламаға қатысқан 56 адам (оның 39-ы – жастар) қайта даярлау, кәсіби біліктілікті арттыру және кәсіби курстарын бітіріп, тұрақты жұмыспен қамтылды.

2013 жылы «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы №636 қаулысымен «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы болып бекітілді. Бұл «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының логикалық жалғасы болып табылады. Ол «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету», «Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту», «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» сияқты үш бағытты қамтиды. 2013 жылы бағдарламаға 80 адам қатысты, оның ішінде 60-сы жастар. 2014 жылы бірінші бағыт бойынша бүгінгі күнге 1 жоба – Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында жөндеу жұмыстарын жүргізуге 22,212 мың теңге бекітілді. Сол арқылы 22 адамға жұмыс орнын ашу жоспарланған, оның 11 адамы жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жіберіледі. Екінші бағыт бойынша 5 қатысушыға 7 млн. 500 мың теңге көлемінде шағын несие беру қарастырылған. Үшінші бағыт бойынша 18 жас азаматты қамту жоспарланған. Оның ішінде жастар тәжірбиесіне – 5 адам шілде айында жұмысқа жіберіледі, әлеуметтік жұмыс орнына – 2 адам жұмысқа жіберілді, кәсіптік даярлауға – 5 адам, қайта даярлау арқылы «Есептеу техникасы бағдарламасын қамтамасыз ету», «Электрогазбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша 6 адам қалалық индустриалдық колледжде оқып жатыр, – дейді Мәншүк Нақыпбекқызы.

Жазып алған Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.