Айшықты шаралар – Астана күніне

Еліміздің бас қаласы – Астана қаласының күнін атап өтуге Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі де қызу әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Қазірдің өзінде бөлім осы мерекеге орай өтетін мерекелік іс-шаралардың жоспарын жасап, бекітіп қойыпты. Ол жайында бізге бөлім басшысы Қанат Төлеш талдап айтып берді.

– «Ауылына қарап азаматын таны» дейді қазақ. Ал, астанасына қарап тұтас мемлекеттің мәдениетін, тыныс-тіршілігін, халқының тұрмысын айқын аңғаруға болады. Ендеше ел ордасы – Астана қаласының туған күнін лайықты атап өту барша қазақстандықтарға сын. Міне, осы мақсатта біздің қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Астана күнін атап өтуге айшықты шаралар әзірлеп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы жоспар жасады.

Мерекелік іс-шараға қаламыздың барлық мәдениет ошақтары мен аула клубтары, шағын аудандар аулалары қатысатын болады. Атап айтқанда, «Сұңқар» аула клубында «Көркейе бер, Астана» деген тақырыпта бейнелеу өнері сағаты, «Тұлпар» аула клубында «Астана – бас қала» деген тақырыпта тәрбие сағаты, «Қайрат» аула клубында «Астана – елімнің жүрегі» атты әдеби-сазды кеш өтеді. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – жеткіншек санасына Астана қаласы жайлы мол мағлұматтар сіңіре отырып, олардың ел ордасына деген сүйіспеншілігін арттыру.

Мұндай айшықты шаралар қаламыздағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде де өткізіледі. Мәселен «Астана – мерейім, мәртебем, беделім!» деген слайд көрсетілімде оқырмандар Астана қаласының кешегісі мен бүгінгісін бейнефильм арқылы көріп, тамашаласа, «Астана – айбынды ақ ордам» суреттемелік панорама арқылы да Астананың осы аз ғана жылдар ішіндегі түрленіп, түлеуін өз көздерімен көріп, сүйсіне алады.

Жалпы, Астана күні қарсаңында қаламыздағы Кеншілер алаңында, Весовая елді мекеніндегі «Теміржолшылар» клубында айшықты шаралар жұртшылықты өзіне баурайтын болады. Мұндай мәдени шараларға қала тұрғындарын да кеңінен тарту ойымызда бар. Осы мақсатта Ерден көшесіндегі 175 үйдің ауласында шағын аудан тұрғындарына арналған «Жасай бер, Астана» деп аталатын концерттік бағдарлама өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнда тұрғындарға арналған «Бос микрофон» жұмыс істейтін болады. Сол бос микрофон арқылы шағынаудан тұрғындары да өз өнерлерін ортаға сала алады.

Елорда күніне арналған іс-шаралар 6 шілде күні қорытындыланады. Бұл күні қаламыздың орталық алаңында «Астана – бас қала» атты әндер фестивалі өткізіледі. Бұл фестиваль соңғы үш жылдан бері қаламызда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шек қойылмаған. Астана, Отан, туған жер туралы, жалпы, патриоттық рухтағы әндер орындаймын деген кез келген жастағы өнерпаз қатыса алады. Қатысушылардың қай-қайсы болмасын құр қол қайтпайды. Арнайы сый-сияпатымыз бар.

Астана күніне арналған айшықты шаралар қатарында өтетін үрмелі аспаптар оркестрінің концерті мен «Әсем қала, арман қала – Астана» атты мерекелік би кеші де әр жастағы қала тұрғынын бей-жай қалдырмайтын болады.

Жазып алған Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.