Қырандарға құрмет көрсетілді

20140627-02-2-123 маусымда қызығы мен қиындығы қатар жүретін, қызметте қатаң тәртіп талап етілетін ішкі істер органдарының қызметкерлері өздерінің төл мерекелері – Қазақстан полициясы күнін атап өтті. Айтулы мерекеге қатысты іс-шара қаламыздағы №16 мектептің мәжіліс залында өтіп, оған қала әкімі Әнуар Омар мен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук қатысты.

Салтанатта қоғамдық тәртіпті қырағылықпен қорғап жүрген қырандарға құрмет көрсетіліп, ән-жырдан шашу шашылды.

Мерекеге арналған салтанатты жиынды қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Жалғасбай Жақаев баяндама жасап ашты. Ол өз сөзінде Сәтбаев қаласының ішкі істер бөлімінің ұжымы жоғары білікті кадрлармен әйгіленіп, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын, қауіпсіздігін қорғау, сенімді қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарып келе жатқанын тілге тиек етті. Өз кезегінде бөлім басшысы ҚР ішкі істер министрінің, облыстық ішкі істер департаменті басшысының құттықтау жеделхаттарын оқыды.

Қала әкімі Әнуар Омар ішкі істер бөлімі қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

20140627-02-2-2– Сіздерге адамдардың өмірі мен тыныштығын, мемлекет мүддесін қорғау, заңдылық пен құқық қорғау ісі сеніп тапсырылды. Бұл – қиын да аса жауапты миссия. Сіздердің еңбектеріңіздің қаншалықты қиын да қауіпті екенін жақсы білеміз. Қандай да бір жағдайда халық ең әуелі сіздердің көмектеріңізге сүйенеді, сондықтан халыққа адал қызмет жасау жолдарыңызда баршаңызға бақыт пен зор денсаулық тілеймін, – деп түйіндеді қала басшысы өз сөзін.

Бұдан соң әкім Әнуар Омар қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Жалғасбай Жақаевқа Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің Құрмет грамотасын салтанатты түрде табыс етті. Орайы келгенде айта кетейік, бұл Құрмет грамотасымен облысымыз бойынша екі-ақ адам марапатталды. Соның бірі – біздің жерлесіміз.

20140627-02-2-3Салтанатты жиында қала басшысы бір топ ішкі істер саласының қызметкерлерін Құрмет грамотасымен марапаттады.

Татьяна Хмилярчук жеке құрамды мерекелерімен құттықтап, бір топ қызметкерлерді Құрмет грамотасымен марапаттаса, қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Жалғасбай Жақаев бөлімнің үздік қызметкерлеріне сый-сияпат жасады. Ол әуелі қалалық ішкі істер бөлімі ювеналды полициясының аға инспекторы Гүлнар Жалмурзинованың омырауына «Ішкі істер саласының үздік қызметкері» төсбелгісін тақты.

Алқалы жиында қалалық ішкі істер бөлімінің бір топ жас қызметкерлері салтанатты түрде ант қабылдады.

Жиында, сондай-ақ, Сәтбаев қаласының прокуроры Серік Назарбеков, ішкі істер саласының ардагері Әбілқай Әлжапаров сөз алып, әріптестеріне қиындығы мол жұмыста табыс тілеп, жеке құрамды төл мерекелерімен құттықтады.

Мерекелік іс-шарада қаламыздың жезтаңдай әншілері мен мың бұралған бишілері жыр мен биден шашу шашып, салтанат сәнін келтіре түсті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.