Оқу-жаттығу қорытындыланды

20140627-03-1Қала әкімі Әнуар Омар кеңейтілген аппараттық жиынды Қарағанды облысы әкімінің ауысуына байланысты ресми хабарламадан бастады. Осыған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. Әнуар Серікбайұлы қала активін жаңа басшының өмірбаянымен, еңбек жолымен таныстырды.

Отырыс одан әрі дәстүрлі құттықтауға ұласты.

Қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен Сәтбаев қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Е.Байғазиев, Сәтбаев қаласының №44 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Б.Құдайбергенов және жеке кәсіпкер М.Оразбаева марапатталды.

Маусымның 5-6 күндері азаматтық қорғау жүйесін әрі қарай жетілдіру, бейбіт және соғыс уақытында табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнінде қаламызда командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілген болатын. Осы жаттығулардың қорытындысы бойынша Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының Алғыс хатымен бірқатар азаматтар марапатқа ие болды.

Облыс тарапынан авариялық-құтқару қызметі мен құрылымдары күштері және құралдарының жоғары дайындығын қамтамасыз етуге жеке үлес қосқаны үшін марапатқа ұсынылған Сәтбаев қаласы ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ж.Жақаев; «Сәтбаев қаласы білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ш.Жанасылова; Сәтбаев қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г.Жалмурзина; Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің директоры Г.Жаппасова; «Энергожелілер» Сәтбаев аймақтық кәсіпорнының директоры Е.Жұмабеков; жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Н.Мұхамединов; №25 орта мектептің директоры М.Темірбекова; №19 орта мектептің директоры Б.Шүкенова және Сәтбаев қаласы орталық ауруханасының медбибісі К.Чернятинаға салтанатты түрде сыйлықтар табыс етілді.

Келесі кезекте жауапты бөлім басшылары қаланың экономикалық-әлеуметтік тынысына байланысты атқарылған жұмыстарына есеп беріп, жаңа тапсырмалар алды.

М.СМАҒҰЛ. Суретті түсірген Айым Бектас.

Комментарии закрыты.