«ТАБЫС КӨЗІ» — жастар жобасы

Бүгінгі таңда еліміз бойынша белгілі бір маман иесі атанып, жұмыссыз жүрген жастардың қатары сейілмей отыр. Тығырықтан шығудың жолы ретінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев жеке кәсіпкерлікті қолдауды ұсынды. Осы тапсырмаға сәйкес, қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары «Табыс көзі» бизнес жоба конкурсын әзірледі.

Қала жастарына ұсынылып отырған «Табыс көзі» жобасының негізгі мақсаты – жұмыссыздықтың санын азайтып, жастарды қала өмірінің қажеттілігін қамтамасыз ететін кәсіппен айналысуға баулу.

Жобаға қатысамын деушілерге қойылатын басты талап – ең әуелі қала тұрғыны болуы тиіс және 18 бен 29 жас аралығындағы азамат пен азаматшалар қатыса алады. Екінші талап – жұмыспен қамту бөлімінде жұмыссыз ретінде тіркеуде тұруы қажет. Конкурс «Үздік инновациялық жоба», «Үздік қызмет көрсету», «Үздік шағын өндіріс» номинациялары бойынша өтпек. Қатысушылар әзірлеген жобаларын 20 маусымнан бастап бір ай көлемінде орталықтың мамандарына тапсыруы керек. Сондай-ақ, жобаны жеке немесе топтасып дайындауға да болады.

Жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған кездесуге кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы А.Тұрлыбек қатысып отырды. Алаш Мырқалұлы жастарға кәсіптің нәтижелі шығуы жолындағы қажетті табандылықты егжей-тегжейлі баяндап, өзінің еңбек тәжірибесімен бөлісті. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарына толыққанды жауап алып, конкурстың ережесімен танысты.

М.Мұқатова.

Комментарии закрыты.