Кенттің мерейтойына арналды

20140627-07-2Қойнауы жезге толы Жезді бір кездері көз сүріндіріп, әсемдігімен шағын қалаға келушілерді баурап алатын. Заман өзгеріп, талай қиыншылықты бастан өткерсе де бүгінде мамыражай тіршілігі бар кентке айналды. Жеті қат жердің астынан кен қопарған кеншілердің шағын қалашығының тұрғындары өздерінің сүйікті кентінің 70 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Осы мерейтой қарсаңында Жезді кенті әкімдігі мен Сәтбаев қалалық кәсіпкерлер ассоциациясының ұйытқы болуымен ерлер арасында волейболдан І ашық турнир өтті.

– Жезді кенті, Сәтбаев қаласы, Қаракеңгір мен Амангелді ауылдарының командалары қатысқан бұл біріншілікте сәтбаевтық волейболшылар тобы жақсы өнер көрсете білді. Спорттың бұл түрінен Қаракеңгір, Амангелді ауылдарының ойыншылары ерекше белсенділік байқатты. Ойын барысында ерекше көзге түскен жезділік волейболшы Андрей Артеменко «Үздік пас беруші» атағына лайық деп танылса, Амангелдіден келген Амангелді Айтбаев «Үздік шабуылшы» атағын иеленді. Ал, спорттық бәсекенің ІІІ орнын Амангелді ауылының ойыншылары қанжығаласа, ІІ орын Қаракеңгір ауылынан келген волейболшылардың командасына бұйырды. Біздің қаланың командасы турнирдің І орнын еншілеп қайтты.

Салауатты өмір салтын насихаттауды негізге алған біріншілікке қатысушыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Мұндай игі шараны алдағы уақытта да ұйымдастыру жоспарда бар, – дейді ассоциация төрағасының бірінші орынбасары Қиясбек Әділбаев.

Кенттің мерейін үстем етіп, мерейтойына алғашқылардың бірі болып ауқымды шара өткізген кент әкімшілігі мен қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының игі бастамасын өзгелер де жалғастырып, мереке көркін қыздырып жатса, құба-құп.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.