Мемлекеттік қызметкерлер жарысы

20140627-07-1Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл елімізде тұңғыш рет Мемлекеттік қызметкерлер күні аталып өтті. Осынау мерекеге кеншілер қаласында да ерекше мән берілді. Сенбі күні Комаров көшесінде мемлекеттік қызметкерлер арасында жүгіруден жарыс болып, желаяқтар сый-сияпатқа ие болды.

Спорттың бұқаралығын арттыру, жеңіл атлетиканы дамыту және насихаттау барысында өткен бұл іс-шараға қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары мұрындық болды. Ал, спорттық шараға қаламыздағы мемлекеттік мекемелерден 300-ге жуық қызметкерлер қатысты.

Жарысты қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай ашып, мемлекеттік қызметкерлерді осы күннен бастап дәстүрлі түрде аталып өтетін төл мерекелерімен құттықтады.

– Мемлекеттік қызметкер қашан да өзінің жан-жақтылығымен, іскерлігімен, қарым-қабілетімен өзгелерге үлгі-өнеге бола білулері керек. Қатардағы қарапайым ел бізге қарап қатар түзеп, бізден үйренеді. Бүгінгі жарысты өткізудегі мақсатымыз – елдің бұқаралық спортқа деген қызығушылығын оятып, денсаулықтарын нығайтуға сеп болу. Елбасымыз Жолдауында әр адам өз денсаулығын нығайтуға өзі ынталы болуы керектігін баса айтты. Ал, спорт – сол денсаулықтың кепілі, – дей келіп, Серік Сағынатұлы жарысқа қатысатын желаяқтарға жеңіс тіледі.

Сонымен, ел асыға күткен желаяқтар жарысы үш кезеңнен өтті. Оның бірінші кезеңінде 30 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер 1000 метрге, екінші кезеңінде 50 жасқа дейінгі, үшінші кезеңде 50-ден жоғары жастағы ерлер мен әйелдер 500 метрге жүгірді. Желаяқтар арасында «жүзден жүйрік» келген үш орынға диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілсе, келесі келген үш желаяқ дипломмен марапатталды. Орайы келгенде айта кетейік, 1000 метр қашықтыққа жүгірген желаяқ қыздардың арасында қалалық «Шарайна» газетінің менеджері Валентина Селиванова (суретте) топ жарып, бірінші орынды иемденді.

Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылған спорттық бәсекеде қаламыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері белсенділік танытты. Топ жарған желаяқтар да осы мекеме қызметкерлерінің арасынан көптеп шыққанын айтып өту ләзім. Жалпы, Мемлекеттік қызметкерлер күні қаламызда осындай айшықты шаралармен басталды.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.