55 жыл ЭФИРДЕ

20140627-04-1
Жезқазған-Ұлытау аймағында өзіндік көрермендерін қалыптастыра алған Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасы бүгінде көпшілік көңілінен шығып, ақпаратты жылдам әрі сапалы таратуда тынымсыз еңбек етіп келеді. Жаңалықтың жаршысы бола білген арнаның эфирде жүргеніне 55 жылдың жүзі болды.

Аталған ұжымның шығармашылық деңгейі жоғары, еліміздегі үздік телеарналардың қатарында. Олай дейтініміз, әріптестеріміз өткен жылы «Сала үздігі-2013» ұлттық сертификатымен және медалімен марапатталды. Сонымен қатар, телеарнаның басшысы Базарбай Әлеуханұлына «Қазақстан Даңқы» ордені тапсырылды. Осы орайда тағы бір мақтан етуге тұрарлық жағдай – телеарна көптеген жас журналистерге шығармашылық жолында жолдама берді. Соның дәлелі – арнада қызмет еткен журналистердің көбі қазір республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жатыр. Айта кетерлігі, арна журналистерінің әр жылда республикалық, облыстық байқауларда үздік атанып, жоғары марапаттарға ие болуы. Соның айғағы, телеарнаның орыс бөлімінің редакторы Светлана Оңғарбаева республикалық «Нұр сұңқар» сыйлығымен марапатталса, журналист Гүлшат Әшірбекова республикалық «Шаңырақ» байқауында І орынды жеңіп алды. Ал, оператор Нұрлан Исмағұлов Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығын иемденді.

– «Дидар» – бүгінде өз аудиториясын жинап, халықтың көзайымына айналып үлгерген телеарна. Студиямыз арнайы жарық беру қондырғыларымен заман ағымына сай жаңартылып, түрлі бағыттағы бағдарламаларын ұсынуда. Күніне бірнеше рет көрерменін жаңа ақпаратпен таныстыратын «Дидар» жаңалықтар қызметі, әр аптаның соңында аптадағы елеулі оқиғаларды халыққа жеткізетін ақпаратты-сараптамалық «Апта тынысы» хабары, «Ол кім? Бұл не?» танымдық бағдарламасы, өңір тұрғындарының қуаныштарымен бөлісетін «Сәлем» сазды бағдарла-масы, «Құлыншақ», «Жұмадағы жүздесу», «Қылмыс пен тұрмыс», «Саламатты өмір салты», «Адамның күні адаммен» сынды бағдарламалар – бүгінде жұртшылықтан жоғары баға алып отырған телеарна жұмыстары – дейді телеарнаның редакторы Елдос Кәкенов.

Мемлекеттік тапсырыстар бойынша эфирге шығатын хабарлар да халықтың жүрегінен орын алуда. Олардың көпшілігі Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауын насихаттауға бағытталған.

Телеарна Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен оларға қоңсылас жатқан елді-мекендерге, Ұлытау селосы мен Жезді, Қарсақбай кенттеріне хабар таратып келген еді. Бүгінгі күні арна басшылары «Отау ТВ» спутниктік желісі арқылы республика жұртшылығына өз хабарларын ұсынуға жұмыс жасап жатыр.

Дайындаған Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.