Аттанды сапарға, көңілде мол арман

20140627-05-1Жылдағы дәстүрге сай мектеп бітірушілердің кешінде жас түлектерге құрмет пен қошемет көрсетіліп, оларға сәтті сапар болсын деген тілек айтылды. Осындай айшықты шараның бірі қала басшысы Әнуар Омардың қатысуымен №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қабырғасында өтті. Бұл білім ошағын биыл 21 оқушы аяқтап отыр.

Жас түлектерге арналған салтанатты кешке жиналған оқушылардың ата-аналарын, ұстаздарын үлкен қуаныштарымен қала басшысы Әнуар Серікбайұлы құттықтады. – Бүгін әрбір отбасы үшін, әрбір ата-ана мен ұстаз үшін зор қуаныш. Себебі, өздеріңіз үкілеп өсіріп, үлкен өмірге жолдама берген балаларыңыз енді ер жетіп, үлкендердің қатарынан бой көрсетуде. Сіздердің осы бір қуаныштарыңызбен бөлісіп, ақ жол тілеу мақсатында араларыңызға келіп отырмыз. Балаларыңыздың өмірлік мұраттары асыл болып, ата-ананың көз қуанышына айналуына тілектеспіз, – деді қала басшысы.

Жас түлектерге деген өзінің ұстаздық, аналық тілегін қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, білім ошағының басшысы Биғайша Шукенова жеткізді.

Көңілдерін шаттық пен қимастық сезімі кернеген түлектерге аттестат тапсыру сәтінде кейбір жастардың жанарына жас үйіріліп жатты. Мектеп басшысы Биғайша Усатайқызы шәкірттеріне орта білімді растайтын және ұлттық бірыңғай тесттен өткендігін дәлелдейтін сертификатты тапсырды.

Ата-аналар балаларын 11 жыл білім нәрімен сусындатқан білім ошағының ұстаздарына, түлектердің сынып жетекшісі Әлия Жасанқызы Құрмановаға алғыстарын жеткізе келе, перзенттеріне сәттілік тіледі. Мектеп бітіруші түлектер де өздерінің ыстық ықыластарын ата-аналары мен ұстаздарына арнады.

Мектеп бітіруші түлектердің кешін әсем ән мен би құлпырта түсті. Түлектердің соңғы мектеп қабырғасындағы қызықты сәті болсын деген ниетпен ойындар ойнатылды.

Қызыққа толы балдәуреннен ересектер өміріне бет алған болашақ иегерлерінің қуанышына арналған салтанатты кештің соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

Осы білім ошағында түн ауа қала басшысы Ә.Омардың атынан барлық мектеп бітірушілерге арналған отшашу жас түлектердің қуанышын еселей түсті.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

***

20140627-05-2Өткен аптаның сәрсенбісінде еліміздің барлық аймақтарында мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоштасу кеші болып өтті. Жер-жердегі білім ордаларында 11 жылда алған білімін ақтап шыққан түлектерге салтанатты түрде аттестаттар табыс етілді. Осындай айшықты іс-шара біздің кеншілер шаһарында салтанат құрды.

Мектеп бітірушілер кеші Сәтбаев қаласы әкімдігінің мәжіліс залында басталды. Мұнда қаламыздағы №1 мектеп-гимназияның қазақ және орыс бөлімдерін бітірген екі сыныптың түлектері бас қосты.

Салтанатты мектеп басшысы Сәния Сағынтаева құттықтап ашты.

Өзінің 39-шы рет түлектерін ұшырып отырған білім ұясын биыл 35 оқушы бітіріп отыр екен. Олардың қатарында жоғары білім деңгейін көрсеткен оқушылар да аз болған жоқ. Ол жайлы мектеп директоры марқая тұрып айтты.

– Сендер өздеріңнің 11 жыл бойы алған білімдеріңді сарапқа салып, мүмкіндіктеріңді көрсете білдіңдер. Бізді қуантатыны – оқыған алтын ұяларыңның атына кір келтірмедіңдер. 5 оқушымыздың Мәскеудің жоғары оқу орнына қабылданғандығы туралы қорытынды қолымызға тигенде төбеміз көкке жеткендей қуандық. Сендер мектептің ғана емес, Сәтбаев қаласының, тіпті тұтас Қазақстанның абыройын асқақтаттыңдар. Біз сендерге қашан да сенеміз. Қала әкімі Әнуар Омар кешегі өткен үздіктер слетінде жоғары оқу орнына түскен әр бір түлектің ертең білікті маман болып оралатынына сенемін деген еді. Мұны жай сенім деп қана түсінбей, өздеріңнің туып-өскен қалаларыңа шақыру деп қабылдаңдар. Қадамдарыңа гүл бітсін. Сапарларың сәтті болсын, – деп тебірене түйіндеді Сәния Жұмаділқызы өз сөзін.

Бұдан соң салтанатты кештің қадірлі мейманы – қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Ақнұр Танабаева сөз сөйлеп, түлектерге өзінің ақжарма тілегін жеткізді. Жоғары оқу орындарына түскендерге құтты қадам тіледі.

Мектеп бітірушілер кешінде мектеп директоры Сәния Сағынтаева түлектерге аттестаттарын салтанатты түрде табыс етті. Мектеп басшысы, сондай-ақ, мектептің қоғамдық өміріне белсене атсалысып, өздерінің қолдау-көмектерін көрсеткен, мектептің ішкі жұмысын дамытуға атсалысқан бір топ ата-аналарды Алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатта түлектер мен олардың сынып жетекшілері, ата-аналар сөз сөйлеп, мектепке, ұстазға деген жүрекжарды тілектерін жеткізіп, риясыз алғыстарын айтты.

***

20140627-05-3Сол күні №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің түлектері мектеп қабырғасындағы соңғы бас қосу кештерін атап өтті. Салтанатты кеште қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай сөз сөйлеп, түлектерге деген тілегін жеткізді.

– Білімді жас талаптар еліміздің абы­ройын асқақтатып, ұлт болашағын жар­қын етуге қызмет етеді деп сенім ар­та­мыз. Себебі, ертеңгі ел тұтқасына ие бо­латын жастар – бүгінгі түлектер. Оқу­шы­лардың терең білім, өнегелі тәрбие алуы, өмірге жан-жақты бейім болуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – мем­лекетімізде жүргізіліп отырған кемел саясаттың арқасы. Түлектердің өмір­ден өз орындарын тауып, еліміздің абы­ройлы азаматы болуларына тілек­тес­пін, – деп түйіндеді қала әкімінің орынбасары өз сөзін.

Бұдан соң кеш меймандары – Ирина Беткер мен Асқар Шоқпытов сөз алып, түлектерді мектеп бітіру қуаныштарымен құттықтап, оларға үлкен өмір жолында сәттілік тіледі.

Сөз кезегін алған мектеп директоры Гүлмира Жаппасова №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің жылдар бойғы жемісін, осы мектептен түлеп ұшқан шәкірттердің биік белестерде жүргенін тілге тиек етті.

– Біздің мектепті бітірген түлектер жаман болмайды. Оқушыларымыз аудан­дық, қалалық, республикалық, тіпті халықаралық білім бәсекелерінде бел­сенді көрініп жатады. Олардың үлгілі тәртібімен де мақтануға болады. Білім ошағымыз аймағымыздағы білікті базалық оқыту жүйе­сінің қатарында келеді. Мұның өзі – бізге зор қуаныш. Осындай білім ұясынан шыққан түлектерімізде еліміздің белгілі де беделді азаматтары болады, – деді Гүлмира Алпысқызы мақтаныш сезіммен.

Салтанатты жиында мектеп әкімшілігі мектептің қоғамдық жұмысына атсалысып, ұрпақ тәрбиесіне бірлесе үлес қосқан бір топ ата-аналарды Алғыс хатпен марапаттап, мектеп басшысы түлектерге аттестаттарын салтанатты түрде табыс етті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

 

Комментарии закрыты.