Журналистерге құрмет көрсетілді

Маусым айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін журналистердің кәсіби мерекесі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін әдеттегіден тыс ынтымақтастыра түсетін ерекше күнге айналды.

Сәрсенбі күні қала әкімі Әнуар Омар ақпарат қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара барысында аймақтағы қалам, бейне, фото камера мен микрофон иелерінің үлкен тобын жаңадан ашылған «Керемет» мейрамханасында қабылдады.

20140627-01-1-1

Салтанатта әкім Әнуар Омар әріптестерін мерейлі мерекелерімен құттықтады.

– Біздің күнделікті өмірімізде бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын ролі зор. Қалың жұртшылық айналамызда болып жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды ең алдымен журналистер еңбегі арқылы біледі. Сондай қызметтеріңіз үшін де сіздер үлкен құрметке лайықсыздар, – дей келіп, қала басшысы қаланың қоғамдық, саяси өміріне белсене атсалысып жүрген бір топ БАҚ қызметкерлерін Құрмет грамотасымен марапаттады. Мұндай марапатқа ие болғандар қатарында біздің «Шарайна» газетінің дизайнері Қуанышгүл Жәнібекова да бар.

Соңғы төрт-бес жылдан бері қаламызда бұқаралық ақпарат қызметкерлеріне қала әкімінің сыйлығын беру дәстүрге айналған еді. Сол игі шара биыл да өзінің жарқын жалғасын тапты. Қала әкімі Әнуар Омар «Кәсіби шеберлігі үшін» номинациясының иегерлеріне дипломдар мен 40 мың теңге ақшалай сыйақыны тапсырды. Бұл сыйлыққа Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Төлеш Асантегі, Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының тілшісі Мейрамгүл Саяжанқызы, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің меншікті тілшісі Валентин Шипунов, Жезқазған қалалық «Жезказганский вестник» газетінің журналисті Светлана Христофориди ие болды.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай «Талапкер» номинациясын өз иелеріне табыс етті. Бұл номинация бойынша Сәтбаев қалалық «СТА» телеарнасының операторы Еділ Бимолдин, «Жезказган сегодня» сайтының директоры, «Наше время» газетінің бас редакторы Нурия Ильясова, Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің тілшісі Марал Шахаева дипломмен және 25 мың теңге сыйақымен марапатталды.

Бұдан соң Жезқазған кентінің әкімі Асылхан Сәдуақасов «Үздік қызметкер» номинациясына ие болған облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Амандық Рахұлына, Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің бас есепшісі Гүлнар Мағзұмоваға, Сәтбаев қалалық «СТА» телеарнасының тілшісі Алтынгүл Төлегеноваға диплом мен 20 мың ақшалай сыйақы табыс етті.

Ақпарат қызметкерлері күніне арналған салтанатта қалалық мәслихаттың аппарат жетекшісі Қарлығаш Махамбетова, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев сөз сөйлеп, аймағымыздағы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін құттықтап, бір топ қызметкерлерді Құрмет грамоталармен марапаттады.

Бұл марапатқа ие болғандардың қатарында «Шарайна» газетінің жауапты хатшысы Айнұр Құлашова мен осы жолдардың авторы да болды.

Салтанатты жиында аймақтық ақпарат құралдарының бірінші басшылары – бас редакторлары мен директорлары сөз алып, әріптестерін кәсіптік мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Қаламыздың өнерпаздары әуелете ән салып, мың бұрала би билеп, салтанат сәнін келтіре түсті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.