Қала көшелерін аралады

20140704-03-2-120140704-03-2-2Жақында әкім Әнуар Омар қаланың шығыс бөлігіндегі көшелерді аралады. Қаланың коммуналдық шаруашылығына жауапты әкім орынбасары мен жауапты мекемелердің басшылары Әнуар Серікбайұлына шаһар көшелерінің жағдайын баяндады. Қала басшысы әуелі биыл жолы сапасыз жөндеуден соң қайта төселген Ө.Байқоңыров көшесіндегі асфальттың жағдайын көріп, бұл көшенің жол жиегінде жатқан құдықтардың арнайы талаптарға сай болуын, сондай-ақ, артық құдықтарды көше тұрғындарымен келісе отырып бетін жабу мәселесін қарастыру қажеттігін айтты.

Б.Бұлқышев көшесі мен Первостроителей көшесінің қиылысында ор­на­ласқан қоқыс ала­ңының да жай-күйін көрген қала әкімі ша­һардағы барлық қо­қыс алаңдарындағы жәшік­тердің айналасы тазартылып, қоқыстың уақытылы шығарылуын және сол жерлерде санитарлық тазалық жүргізілуіне мән беруді жауаптыларға жүктеді.

Қаланың шығыс бө­лігінде орналасқан Б.Мо­мышұлы көшесінің бір бөлігінде жылы су құ­быры жаңғыртылу үстінде. Бірнеше жылдан бері қыс мезгілінде сыр берген құбыр енді пластикалық құбырға ауыстырылуда. Осының салдары болса керек, былтырғы жылы С.Асатов көшесінде тө­селген асфальт өзінің деңгейінен біршама тү­сіп, көліктердің жүруіне ыңғайсыздық келтіріп отыр.

Әкім сондай-ақ, Ерден көшесі, 30 үйдің жанында орналасқан қоқыс алаңының да маңайын ретке келтіруді тапсырды.

Қалалық әкімдікке «Айнакөл» маңайындағы саяжайдың тұрғындары қаладағы жалғыз ғана көлдің тартылып бара жат­қанын, бау-бақша өнімдерінің шіліңгір шілдеде қурап қалатындығын айтып шағымданған екен. Мәселенің ақ-қарасын анықтай келгенде, Кеңгір су қоймасынан «Восток» және «Горняк» саяжайларына берілетін су тоқтатылған. Алайда, бұл мәселе бір аптаның ішінде шешілетіндігін айтқан қала басшысы оған дейін осы көлдің маңайындағы шағын көлшіктерде жиналған суды «Айнакөлге» жіберу мәселесін тезірек қолға алу қажеттігін ескертті.

Жалпы алғанда таяз­данған судың мөлшерін көтеріп, оның астын тазарту, қамыстарын жұлу мәселесі «Айнакөлде» өткір тұр. Бұл көлге 2 мың текше метр су сияды. Алдағы уақытта көлдің айналасын абаттандырып, қала тұрғындары жаз­дың күні демалатындай жағдай жасау жоспарланып отыр.

Қала басшысының атбасын тіреген нысанының бірі – Абай көшесі болды. Бұл көшенің бас жағында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Көше жолы біршама ке­­ңейтіліп, заманауи талаптарға сай жөнделіп, қолданысқа берілмек.

Жөндеу жұмысына жауапты «Сарухан» ЖШС-не Әнуар Серікбайұлы жолды қайта жаңғырту ісін 25 күннен асырмай аяқтауды тапсырды.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.