Экобокстар орнатылды

20140704-03-3Қазақстан нарығын жаулап алған энергия үнемдегіш шамдарды халықтың көп бөлігі тұтынып жүр. Алайда, мамандардың айтуынша, бұл шамдардың энергия үнемдегіш қасиеті болғанымен, қоршаған ортаға тигізер зияны да мол. «Жасыл экономикалық белдеу» құру идеясын ұстанып отырған елімізде оның әсерін ескеріп отырғанымыз шамалы.

Бұл шамдардың құрамында сынаптың барын біреу білсе, біреу білмейді. Біле тұрса да, оны қоқыс жәшігіне тастайды. Әрине, амалдың жоғынан. Өйткені, бұл шамдарды жарамдылық уақыты өткеннен соң сақтап, жинайтын жәшіктер болмады. Ендігі жерде үнемдегіш шамдарды арнайы жәшіктерде – экобокстарда сақтауға мүмкіндік туды.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің талабына сәйкес, ірі және шағын қалалар мен аудандарда құрамында сынабы бар үнемдегіш шамдарды жинайтын жәшіктер яғни контейнерлер орнату қолға алынып жатыр.

Министрліктің талабына сай, бұл жәшіктер біздің қалада да орнатылуда.

Игілікті шараның мән-маңызын жауапты мамандардан білу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары және жолушылар көлігі бөлімінің басшысы Болатбек Жақсыбаевты әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Қазіргі күні бұл жәшікті орнату экологиялық қауіпсіздікті сақтаудың алғы шарты болып отыр. Оны орнатуды Қарағанды облысы бойынша алғашқылардың бірі болып біздің Сәтбаев қаласы қолға алды. Құрамында сынабы бар шамдарды жинауға арналған бұл жәшіктің әзірше екеуі іске қосылды. Олар қалалық әкімдік пен қалалық мекемелер үйінің алдында орналасқан. Жәшікке келіп түскен шамдарды қарағандылық «Фиденяк» ЖШС Қарағандыдағы арнайы алаңға жеткізіп, залалсыздандырып, жояды. Жыл соңына дейін 14 мың шамды жою жоспарланып отыр. Ол үшін алдағы уақытта контейнерлер санын көбейтпек ойдамыз.

Осы сәтті пайдалана отырып, сәтбаевтық тұрғындарға ескерт­кім келеді. Егер сіздер үйлеріңізде жарық үнемдегіш шамды қолданатын болсаңыздар, оның жарамдылық мезгілі өткеннен соң шамды көшедегі қоқыс жәшігіне тастай салмай, әкімдік пен қалалық мекемелер үйінің алдына қойылған арнайы жәшікке тастауларыңызды өтінеміз. Өйткені, құрамында сынабы бар шам сынса қоршаған ортаға мол зиян әкеледі. Сондықтан да, қоршаған ортаның амандығы мен тазалығы біздің денсаулығымыздың кепілі екендігін естен шығармайық.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.