Бұл не деген басынғандық?

Жақында орын алған бір келеңсіз оқиғадан соң, қолымызға қалам алуға мәжбүр болдық. Анығын айтсақ, маусым айының 12-жұлдызында таңертең есікті біреу қатты-қатты қақты.

«Қоңырауды неге баспады екен» – деген оймен есікті ашсам, бір қазақ әйел амандық жоқ, саулық жоқ «Сен Сәт-Тазалыққа» қарызсың. Мына қағазға қол қой» – деп орыс тілінде дікілдеп қоя берді. «Мен ешкімге де қарыз емеспін, «Сәт-Тазалыққа кіргенім жоқ, келісім-шартың қайда? – дегенім сол-ақ екен, әлгі әйелдің көзі шатынап, сен төлеуге міндеттісің, төлемесең қол қой, сотқа беремін» – деп айғайға басты. Сөзге түсінбейтінін білген соң, есікті жабамын, әрірек тұрыңыз деп едім, есікті жұлқылап тұрып алды. Әйел кеткен соң, өзіме-өзім келе алмай отыр едім, көршім хабарласып, бір әйелдің үйіне кіріп, өзің үшін де, көршің үшін де қол қой деп ұрыс ашқанын айтты.

Сол күні сағат 15.54 кезінде есікті біреу тепкілеп, қоңырауды үдете басып қоймады. Үйде жолдасым да бар еді, екеуміз де есікке қарай жүгірдік. Есікті ашып едім, тағы сол әйел, бетіме бір қағазды лақтырып жіберіп, «идиотка» енді сотқа барасың» – деп жүгіріп, түсіп кетті. Қағазды көтердім де, әлгі әйелдің өзіне лақтырып жібердім. Өйткені, мен де ашуланып тұр едім, ол қағазды алып басым бәлеге қалар деп ойладым.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, «Сәт-Тазалық» енді елді «қорқытуға» көшкен сыңайлы. Ана тілінен махұрым, мәдениеттен жұрдай «елшісімен» «қорқытпақ» па сонда?

Көктем айында шатыр тесіліп, төбеден су ақты. Оны өзім 70000 теңге төлеп жөндеттім. Дәліздің тазалығына, жөндеу жұмыстарына көңіл бөліп отырған ешкім жоқ. Әркім өзі сыпырып, жуып алып отыр. Жертөленің жөндеу жұмыстарына деп былтыр әр тұрғыннан ақша жинады. Екі жыл бойы дәліздің сыртқы есігі жабылмай, сынып тұрған соң, тұрғындар жиналып, темір есік орнаттық.

Енді қалғаны, ең құрығанда келісім-шартын көрсетпеген, бірінші рет алдарына барғанда нақты жауап бермеген «Сәт-Тазалық» өкілдеріне 2203,6 теңге төлеу ме? Бұл бассыздыққа тосқауыл бар ма?

Құрметті «Шарайна» газетінің ұжымы! Оқырмандардың мұңы мен мұқтажын жоқтап жүрген халықтың шарайнасы ретінде өздеріңізден көмек күтеміз.

Ә.Алпысова, К.Абжанов, Д.Отарбаев, Ш.Ашимова Абай көшесі, 42 үй, 43-44-50- пәтерлердің тұрғындары.

Комментарии закрыты.