Кәсібің – нәсібің

«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейді атам қазақ. Ал, мына заман – әр қадамыңды өлшеп, саралап, салмақтап барып жасауды қажет ететін заман. Сәл шалыс бассаң, опық жерің сөзсіз. Бұрынғы «батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық» жоқ қазір. Оның титімтей тілімінің өзі сорғалаған маңдай термен келетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан, қандай істі болмасын ойланып, өлшеп, пішіп барып жасаған абзал. Газетімізде бүгінгі саннан бастап жарық көретін «Безбен» авторлық жобада осы мәселелерді бірлесе өлшеп, бірлесе шешімін табуға тырысатын боламыз.

Міне, мектеп қабырғасындағы он бір жыл (біреулер тоғыз жылды да місе тұтып жатыр) аяқталып, әркім өмірден өз орнын табуға тырысып бағуда. Әркім мамандық алу үшін ҰБТ-да алған балдарына сәйкес жоғары оқу орындарының табалдырығын аттауда. Осы жерде біз жоғарыда сөз еткен жеті рет өлшеп, кесетін кезең басталады.

Статистикалық зерттеулер бойынша, әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар көрінеді. Әрине, бұл 40 мыңның ішінен өзіңе лайық біреуін таңдау оңайға соқпауы мүмкін. Алайда, жүрегің қалаған, қоғамда сұранысқа ие кәсіп иесі болуға мүмкіндік мол. Ол үшін нарықты зерттеп, яки қазіргі қоғамда сұранысқа ие мамандықтар бойынша өз бетіңше сараптама жүргізуге болады.

Мамандыққа деген сұраныс қоғамдағы өзгерістерге қарай әр алуан болады. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде мектеп бітіруші түлектердің дені мұғалім, мал дәрігері, мал технигі секілді мамандықтарға оқытатын оқу орындарын жағалайтын. Өткен онжылдықта заңгерлер, қаржыгерлер, кеденшілер оқытатын оқу орындарының таразысы төмен тартты. Олардың тым көп даярланғаны соншалықты, жұмыссыз заңгерлер мен экономистердің армиясы қалыптасты. Бұлар амалсыз мамандығын өзгертуге, не басқа салада жұмыс жасауға мәжбүр болды.

Соңғы жылдары информатика, ақпараттық технология саласы мамандары, мұнайшылар, IT мамандары, инженерлер, нанотехнологтар, маркетинг, электроника, биотехнология саласының мамандары сұраныс артты.

Дегенмен, қай мамандықты таңдасаң да, өз салаңда кәсіби білікті, білімді маман болсаң, сені жұмыс беруші жүздің, мыңның ішінен өзі тауып алады. Қазіргі нарықтық қарым-қатынастар заманында 11-сыныпты жаңа тәмамдаған жас болсаң да, талпынсаң, алға ұмтылсаң, сенің жақсы кәсіпкер болуыңа да болады.

Міне, осындай алмағайып тұста біз жас талапкерлердің бір әжетіне жарар деген оймен «Безбеннің» алғашқы санын әркімнің нәсібі болатын кәсібін таңдауына ой салар сұхбаттармен бастағанды жөн көрдік. Қай салада қай маманға сұраныс көп, қайсысына сұраныс аз, қай жерлерде жас маманға қандай қолдау көрсетіледі, осы секілді мәселелерді білу үшін төмендегі ақпараттар қажетіңе жарап қалар. Мархабат…

 

 

Орыстілді мектептерде мамандар тапшы

 

Жанар Жамангарина, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің кадр мәселелері бойынша бас маманы:

– Білімді, білікті маман қай кезде де сұранысқа ие. Білім саласында да солай. Жақсы педагогке қашан да сұраныс жоғары болады.

Қазіргі уақытта білім саласында жас мамандар саны артып келеді. Мәселен, өткен 2013-2014 оқу жылында бізге 40 жас маман келді. Олардың 22-сі жоғары білімді. 12 маман оқу орнын қызыл дипломмен бітірген.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының арқасында жас мамандардың ауылға баруы жақсы үрдіске айналды. Үкіметтің қаулысы бойынша ауылға жұмысқа орналасуға ынталанған жастарға мол мүмкіндік беріліп отыр. Жас мамандарға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу және салу үшін әлеуметтік қолдау – бюджеттік несие беру механизмі жолға қойылды. Үкімет ауылдық елді мекендерде еңбек ететін мамандықтарды таңдаған жастарға, соның ішінде 30 пайызын ауыл квотасына бөліп, білім грантын алып, тегін оқуға мүмкіндік беріп, жағдай жасады. Жылдан жылға жастар ауылға тұрақтап, мамандарға қажеттілік азаюда.

Өкінішке орай, мұндай мүмкіндіктер шағын қалаларға қарастырылмай отыр. Қала статусымыз болғанымен бізде де маман тапшылығы айқын сезіледі. Әсіресе, орыстілді мектептерде мұғалімдер жетіспейді. Олардың көшін бастауыш сынып мұғалімдері бастап тұр. Жезқазған қаласындағы университет пен педагогикалық колледжде де орыстілді мамандар оқытатын бөлімдер жоқ. Біз жылда сұраныс жасап, орыс тілінде оқытатын бөлім ашуды өтініп келеміз. Олар уәде беруден жалыққан емес. Олардың айтар уәжі, «талапкерлер әуелі орыс бөлімдеріне құжаттарын тапсырсын, абитуриенттер көп болса ашамыз» дейді. Ал, сол оқу орындарының кейбір факультеттерінде төрт-бестен студент оқып жатқаны да жасырын емес. Ал, кейбір факультеттерді бітірген мамандарға сұраныс жоқ. Дипломы бар мұғалімдер амалсыздан бұл мамандығын тастап, басқа кәсіпке кетіп жатады. Әрине, мен бұл жерде аталмыш оқу орындарын кінәлаудан аулақпын. Десек те, біздің де сұранысымызға назар аударса дейміз.

Осы тұрғыда ата-аналар баласының тек оқуға түсуі үшін ғана емес, ұстаздар оқу орнының беделі үшін ғана емес, болашақ маманның қоғамда өз орнын таба білуі, қолына дипломын алғанда далада қалмауы үшін қам жеуі керек деп ойлаймын.

 

 

Сұранысқа ие мамандықтарды таңдаған жөн

 

Нұрлыбай Наурызбаев, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған қай Жолдауында болмасын «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» екенін айтып келеді. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарлама-сына сай, Үкіметке халықаралық деңгейде инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді де тапсырған еді.

Қазір елімізде ірі индустри-алдық-инновациялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы тұрғыда ұлттық экономикамыздың қажетті деңгейде дамуы үшін білікті мамандарға деген сұраныс жоғары. Елбасы осы мәселелерді тілге тиек етіп, қажетті мамандық иелерін даярлау арқылы халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту мәселелерін де шеше алатынымызды атап өтті. Сондықтан, мектеп бітіріп жатқан түлектер қазір сұранысқа ие болып отырған дәрігер, медбике, мал дәрігері, инженер, механик, химиялық өндірістегі инженер-технолог, техник-механик, электрик, технолог, фармацевт, «Д», «Е» санатты көлік жүргізушілер, бұрғылаушылар, бульдозер машинистері, жол жөндеушілер, сантехник секілді мамандықтарды таңдаса, жұмыссыз қалмайды деп есептеймін. Қазір жұмысқа тұра алмай жүрген жастардың дені гуманитарлық сала мамандары. Сондықтан, жастарымыз қоғамда сұранысқа ие мамандықтарды таңдаса екен дейміз.

 

 

Ауылшаруашылығы мамандары ауадай қажет

 

Әбусағит Әбдікеров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Қазір ауыл шаруашылығы саласына жоғары өнімді жаңа техника, жаңа өндірістік технология ене бастады. Сол себепті ауылдарға жаңа мамандық иелері өте қажет. Бұрынғы егін, мал шаруашылығы салаларындағы мамандықтар да уақыт ағымына қарай жаңа түрге, жаңа кәсіптік өзгерістерге ұшырады. Сөйтіп, бүгінгі ауыл шаруашылығы мамандарының міндеттері мен жұмыс ауқымдары жаңа мән мен мазмұнға ие болғанын аңғаруға болады.

Бір сөзбен айтқанда, ауылға өз кәсібін теориялық және практикалық тұрғыдан терең білетін және түсінетін, оқымысты да ақылды жас кадрлар аса қажет. Басқасын былай қойғанда, қазіргі шаруа қожалықтары иелерінің өзінің не жоғары, не арнаулы кәсіби білімі болғаны абзал.

Қазір ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпорындарды ірілендіруге байланысты инновациялық технология тілін білетін мамандар мен жұмысшыларға деген сұраныс қанағаттанбай отыр. Осыған байланысты қаламыздың біздің ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне де білікті мамандар қажет болып отыр. Сондықтан, мектеп түлектерінің қатарында ауыл шаруашылығы саласының мамандықтарына барғысы келетін талапкерлер болса, біз оларға қолдау және көмек көрсетуге, оқуын бітіріп келген соң жұмыспен қамтамасыз етуге әзірміз.

Жобаның авторы Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.