Студия жұмысына жаңа леп әкелді

20140711-05-01-2 20140711-05-01-1
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, бүгінгі қазақ поэзиясының төрінен өзінің лайықты орнын алған көрнекті ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты, қазақтың ежелден келе жатқан айтыс өнерін халқымен қайта қауыштырып қана қоймай, оны әлемдік аренаға шығарған азамат Жүрсін Ерманның есімі бүкіл қазақ елі ғана емес, жүрегі «мен қазақпын» деп соғатын шетелдерде жүрген қандастарымызға да кеңінен танымал. Мен осы айтыс өнерінің Жүрсіннің арқасында ортамызға қайта оралып, оңтүстік астана көрермендерімен алғашқы қауышқан кезінің тірі куәгерлерінің бірімін.

Бұл мақалада ақын, қоғам қайраткері Жүрсін Ерманның бүгінгі көтерілген биігі, оған көрсетіліп отырған құрмет жөнінде айтуды алдыма мақсат етіп қойып отырған жоқпын. Менің мақсатым – бала Жүрсіннің, бозбала Жүрсіннің, Жезқазған телевизия студиясында әріптес болған Жүрсіннің өмірбаяны, еңбек жолы жайлы оқырмандарға мағлұмат беру.

 

Иемденіп жүргенім жоқ аңыздағы біреуді,

Ақ найзасы ата жауға білеулі,

Көк сүңгісі көп дұшпанға тіреулі,

Менің бабам – Ұзын Қыпшақ Тілеулі… – деп, ақын Жүрсін жырлағандай, ол екеуіміз ХVІІ ғасырдағы жоңғар қалмақтарымен болған қанды шайқастарда тоқсан екі баулы Қыпшақ руларының жасағын басқарып, жаужүрек ерлігімен ел аузына ілігіп, аты аңызға айналған Тілеулі батыр Әбдірахманұлының ұрпағымыз, яғни бір рудың, бір атаның, бір ауылдың баласымыз. Қазақтың басына қаралы күндер туған ашаршылық нәубеті тұсында бір тапа нанды, бір уыс талқанды бөліп жескен ағайынды әкелер мен абысын-ажынды шешелердің құдайдан сұрап алған ұлдарымыз. Екеуіміз де Байқоңыр өзені бойындағы Қурайыл деген жерде дүниеге келгенбіз. Мен Ұлы Отан соғысының отты жылдарында, ал, Жүрсін бауырым бейбіт өмір орнағаннан кейін дүние есігін ашқанбыз. Ол жөнінде ақын Жүрсін «Жанартау» атты тұңғыш өлеңдер жинағында былай дейді:

 

…Жазың емес – жағасына таққан гүл,

Мен туған күн – сақылдаған ақпан бұл.

Боран тыста айтып тұрған бесік жыр,

Бесігіне бөленбей-ақ жатқанда ұл.

 

Кел, достарым, тойлайықшы бұл күнді,

Бірің әнмен таратыңдар бұлтымды.

Бірің сыйла маған майдың гүлдерін,

Бірің сыйла жарқылдаған күлкіңді.

 

Боран тыста айтсын тағы бесік жыр,

Ала бұлтым аспанымда көшіп жүр.

Қалт-құлт еткен менің сәби тағдырым,

51-дің омбы қарын кешіп жүр…

 

Жүрсін Молдашұлы Арыс құмымен шектесіп жатқан Құлжанбай елді мекенінде мектеп табалдырығын аттап, жетінші сыныптан кейін оқуды аудан орталығы Жездіде кешкі мектепте жалғастырды. «Тұрсекең ауылда қой бағады, мен Алматы мен Астанада сөз бағамын» деп өзі айтқандай, жастайынан сөз бағып үйренген Жүрсін Жезді аудандық «Октябрь туы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасты (кейін бұл газетте мен де әдеби қызметкер болдым).

«Октябрь туы» Ұлытау өңірінің айнасына айналған «Қызыл кенші» деген атпен отызыншы жылдары жарық көрген тұңғыш газеттің заңды жалғасы. Әбілқасен Әмірәлин, Сапабек Мырзатов секілді қарымды қаламгерлердің де еңбек жолы осы тұңғыш газеттен бастау алған. Оның алғашқы редакторы қазақтың айтулы ақыны Әбділда Тәжібаев болған еді. Журналист болуды армандаған талай жас «Октябрь туына» алғашқы мақалалары мен тырнақалды өлеңдерін жариялап, қаламы ұшталып, өмірге жолдама алушы еді. Жүрсін Молдашұлы да аудандық газеттің тапсырмасымен кен-марганец басқармасы шахталарының, Ақтас кен барлау партиясының жұмысшыларымен, аудан совхоздарының шопандарымен, механизаторларымен жүздесіп, олардың еңбек тынысы жайлы очерк, репортаждар, сын мақалалар дайындап, оқырмандар назарына ұсынды. Жарық көрген алғашқы туындыларының сәтті шыққандығы туралы әріптестерінің лездемелерде жақсы пікір білдіргені жас қаламгердің шабытын шыңдады. Газеттің отымен кіріп, күлімен шыға жүріп, ішкі жұмысымен танысып, тәжірибе жинақтады.

Жас жігіт өзінің өмірлік жан серігі Бақытжамалмен осы жерде табысып, отау құрды. Білімге деген құштарлық келер жылы екі жасты Алматыға алып келді. Құжаттарын Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қабылдау комиссиясына тапсырған Жүрсін мен Бақытжамал емтиханнан сүрінбей өтіп, филология факультетінің студенті атанды. Бірақ, өлең жазуға деген жастайғы құштарлықтың жүзеге асуына мүмкіндік туғанын сезген және аудандық газетте журналистиканың дәмін татып, қызығы мен шыжығын көре жүріп, қыр-сырын меңгерген Жүрсін бала күнгі арманына жету үшін үшінші курстан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің сырттай бөліміне ауысты.

1971 жылы Жүрсін мен Бақытжамал туған жерге оралып, Жүрсін Жезқазған қалалық телестудиясының әдеби хабарлар редакциясына аға редактор, Бақытжамал студияға диктор болып қабылданды. Көкірегі ояу, көзі қарақты, өмірден көргені көп Жүрсін Жезқазған телестудиясына соны серпін әкелді. Астананың телевизия хабарларын көріп тәжірибе жинақтаған журналист «Әдебиет қазынасы», «Бізде қонақта», «Өнер шежіресі, «Жезтаңдай жерлестеріміз», «Сарыарқа кештері» секілді айдарлармен хабарлар дайындап, көрермендерге ұсынды. Жаңа леп әкелген тосыннан келген мұндай хабарларды көрермендер өте жылы қабылдады және айтқан уақытында шықпай қалса іздейтін болды. Мен осы жерде Жүрсін дайындаған хабарлардың бәріне тоқталмай-ақ, бірер хабарына ғана шолу жасап өтейін.

«Әдебиет қазынасы» деген айдармен берілген хабарда ол Ұлытау өңірінде өткен ғасырларда өмір сүрген қазақ ауыз әдебиетінің өкілдері Нұрғали, Иманжан, Тайжан творчествосы жайлы әңгімеледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан ақын Тайжан Қалмағанбетов 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып кетіп, Н.Хрущевтың тұсындағы жылымық кезінде ақталған болатын. Бірақ, оның ақталғаны жөнінде қолында қағазы жоқ, өлі-тірісін білмейтін ақын ұрпақтары бабалары жайлы әлі де болса ашық айта алмай жүрген кез еді. Хабарды дайындау барысында оның эфирге шығу-шықпауына күдікпен, күмәндана қарағандар да болды. Соған қарамастан, Тайжан ақынды ең алғаш эфирге беріп, «тірілткен», халқының ортасына оралтқан осы Жүрсін болды.

Қазақтың айтыс өнерінің халқымен қауышуының алғышарты Жүрсіннің бастауымен Жезқазған телевизия студиясында жасалғанын Ұлытау өңірінің халқы жақсы біледі. Жезқазған кен орнының игерілуінің 125 жылдығы кенді өлкеде үлкен мереке болып аталып өтті. Оның бастауында Жезқазған кен-металлургия комбинатының басшылығы мен өңірдегі осы ірі кәсіпорынның жанындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры, өлкетанушы Сүтемген Бүкіров тұрды. Олардың ұсынысымен Ж.Ерманов телеинсценировка дайындап, жергілікті телестудияда көрсетілді. Қойылымның көрермендерге ұнағаны сондай, комбинат басшылығы Оңтүстік және Солтүстік Жезқазған кеніштері ақындарының айтысын ұйымдастыруды жоспарлады. Ақындар айтысын өткізу Жүрсінге тапсырылып, ол екі кеніштің ақындары атынан айтыстың мәтінін жазды. Айтыс 1973 жылдың 8 ақпанында Жезқазған кентіндегі «Горняк» мәдениет сарайында өтті. Оңтүстік Жезқазған кенішінің намысын ақындар Майра Жаппасбаева мен Иран Ильяшев қорғаса, Солтүстік Жезқазған кеніші атынан ақындар Әшім Жекебатыров пен телестудияның редакторы Сұлтан Жылқыбаев айтысқа шығып, айтысқа сусап жүрген халықтың ризашылығына бөленді. Бұл айтыс кейіннен студияның шағын павильонынан көрермендер назарына ұсынылды.

Осындай тағы бір айтыс 1975 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатының, «Казмедьстрой» тресінің және Жезқазған шахтопроходка тресінің ақындары арасында ұйымдастырылып, өткізілген еді. Бұл айтыстың да мәтінін Жүрсін өзі жазып, эфирде Жезқазған телестудиясының редакторы, ақынжанды ағамыз Мәлік Алтыруов, «Социалистік Қазақстан» газетінің сол кездегі меншікті тілшісі Бағдат Мекеев және тележурналист Сұлтан Жылқыбаев орындаған болатын. «Орындаған» дейтін себебім, ол уақытта айтыс десе үрке қарайтын кезіміз және оның сонау Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Шашубай, Болмандар қатысқан айтыстардан кейін біздің қалада ғана емес, республикада бірінші рет халықтың алдына шығуы еді. Оған қоса қозғалып отырған тақырыптар төңірегінде суырып салып айтатын ақындар жоқ болатын. Жүрсіннің жазғандарын «орындады» дегенім сондықтан.

Арқа төсінде облыс бой көтергеннен кейін студиямыз телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі облыстық комитет мәртебесін алған шақта студияның эфирге өз хабарларын беру уақыты ұлғайды. Жаңа редакциялар құрылды. Жаңа циклдар ашылып, хабарлардың мазмұнына, режиссуралық көркемделуіне, яғни сандық жағынан гөрі сапалық жағына басты назар аударылды.

Шығармашылық топ үнемі ізденіс үстінде болды. Сол көп ізденістердің айқын дәлелдерінің бірі – осы тұста Жүрсін эфирге шығарған «Сарыарқа кештері» тележурналы болды. Оған өңіріміздің айтулы еңбек адамдары, өнерлі жастары шақырылды. Оның бір саны 1974 жылдың қарсаңында эфирге шығып, Жаңа жыл мерекесіне арналды. Хабарға халық шаруашылығының алуан саласының озат жұмысшылары мен еңбеккерлері қатыстырылды. Есік қағып, төрге шыққалы тұрған Жаңа Жыл, өндірісті қала Жезқазған, Социалистік Еңбек Ері Қазымхан Кентаев, СССР Жоғарғы Советінің депутаты Смағзам Салқауов секілді еңбек тарландарының есімдері ақын Жүрсіннің жүрекжарды жырының арқауы болды.

 

Онда ақын былай деген еді:

…Жеріңнің асты баған, үсті баған,

Оттары сағыныш боп ұшты маған.

Сен болып космосты да құшты ғалам,

Жезқазған – туған жерім, мысты қалам!

Кезім жоқ сені досқа сыр қылмаған,

Базарлы бағанаңнан жыр тыңдағам.

Кеудемде шабыт отын шалықтатқан,

Ерте-кеш мыс қазаның бұрқылдаған!

Білмейсің сен мезгілді мұңды-зарлы,

Білмеймін мен тауларды шың-құзарлы.

Өзіңнің байтақ жатқан далаң менен,

Аяулы жандарыңа ынтызармын!

Жаңа жыл, жақсы мезгіл кел шабытты,

Қуант сен, кенші дейтін ер халықты.

Жұлдызы кеудесінде жарқыраған

Көр біздің ер Қазымхан Кентаевты!

Арала ауылымның әр төбесін,

Мол бізде аяулы жан, ардақ есім.

Таныс бол жаны жомарт жігіттермен,

Көтерген Жезқазғанның мәртебесін!

Кел жылым, жасқанбай кел еркін басып,

Ерлер көп жүрген жердің көркін ашып.

Солардың ортасында тұр жарқырап,

Салқауов Смағзамның өр тұлғасы!

Кел жылым, қазақтың ен даласына,

Ортаймас мыс-мұхиттың сабасына!

Кел жылым, Қуаныш пен Бақыт әкел

Жаны жас болашақтың қаласына!

Сен маған ағыл-тегіл ақ қар боп кел,

Салайын сағынған бір бақтарға өткел.

Ерліктің мекеніндей Жезқазғанның,

Өмірі жайлы жырды ақтар деп кел!

Кел жылым, жақсылыққа кезіге жүр,

Мезгілдің мәртебелі кезі ме бұл.

Жезқазған, Жаңа жылың құтты болсын,

Өрісті өміріңнің өзі де жыр!

 

Еліміздегі танымал ақын-жазушылардың шығармаларына шолу жасалып, жергілікті өнерпаздардың орындауында скечтер, шағын үзінділер көрсетілетін. Олардың көбін Жүрсін режиссермен бірлесе отырып, телевизияда қоюға болатындай етіп бейімдеп, жазып шығатын. Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясы бойынша дайындалған қойылым телекөрермендердің көңілінен шықты. Студия      жұмысына Жүрсін осындай соны серпін, жаңа леп әкелген еді.

Өркен жайып келе жатқан жаңа облыстың алуан саладағы жетістіктерімен қатар кемшіліктері де тележурналистердің назарынан тыс қалған жоқ болатын. Осындай кемшіліктерді сын садағына алған Жүрсін дайындаған сатиралық журнал «Жасын» деп аталды. Ол уақытта сауда орындары халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай, кілем, әйелдердің етігі, телевизор, тоңазытқыш секілді көптеген заттарды күндіз шырақ алып іздесең де таптырмай, түсе қалса қырғын өшірет болатын. Бірақ, қайдан алатыны белгісіз, олар жылпостардың, саудагерлердің қолында жүретін. Сауданың орынды жүруін қалалық халықтық бақылау комитеті қадағалайтын. Бірде «Радуга» дүкеніне қат заттар түскелі жатыр дегенді естіп, телевизияның Жүрсін бастаған тобы «Радугаға» рейд жасауға барды. Біраз кемшіліктердің беті ашылады, қоймаларға тығылған қат (дефицит) заттар суретке түсіріледі. Енді кетерде фототілші Сераж Берденов қоймадан алынып сөреге сатуға қойылған әлгі қат бір аяқкиімді өзі сатып алады. Пәле осыдан басталады. Мұны көріп тұрған халық шу ете қалып, сол жерде акт жасап, қалалық партия комитетіне дейін телефон шалып, «халықтың қамқоршысы болатын тележурналистер қат заттарды өздері алу үшін рейд жасап жатыр, шара қолдаңыңдар» деп байбалам салады. Қалалық партия комитеті де жедел іске кірісіп, кінәлілерді анықтай бастайды. Рейдтен оралған шығармашылық топ мынаны естігенде Жүрсіннің қан қысымы көтеріліп, өлтіріп ала жаздағанымыз бар. Қазіргі тегін дүниені көргенде осы оқиға еріксіз еске түседі.

Телерадиокомитеттің ұжымы өте ұйымшыл болды. Қызығымыз бен қуаныштарымызды, туған күндерімізді бірлесіп өткіздік. Бір кездері ауыл шаруашылығы мекемесінің бір басшысы: «Малға шайыр берген пайдалы, қалалықтар бізге оны көктемде жинауға көмектессін» деп ұран тастады. Содан партия бізді ауылға шайыр дайындауға, шөп шабуға жыл сайын жіберетін болды. Мұндайды да бастан өткердік қой.

Жүрсін Жезқазған телевидениесінде он жылға жуық уақыт аға редактор, бас редактор қызметтерін абыройлы атқарып, 1980 жылы Алматы жоғары партия мектебіне оқуға аттанды (кейін мен де осы оқу орнының тыңдаушысы болдым). Оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін республикалық теледидарда бас редактор болып қызмет атқарды. Ақын Жүрсіннің мына бір өлең шумақтары бүгінде еріксіз ойға оралады.

 

…Дей алмаймын ешкімнен ырысым кем,

Есер де емес-сындымын ірісінген.

Тек… бәріңді таңдантар секілденем,

Таңғажайып, ғаламат бір ісіммен!

 

Қадамымды санамай қия аттаған,

Ырза болар асқар тау, мият далам.

Достарымды қуантып сүйіндіріп,

Мен бір ерлік жасайтын сияқтанам…

 

Бұл өлеңімен ақын бұрынғы әріптестеріне өзінің болашақ өмірінде ғаламат істер атқаратынына уәде бергендей көрінеді маған. «Ер жігіт екі сөйлемейді» дейді халық даналығы. Жүрсін Ерман бүгінгі жеткен биігімен достарына берген осы уәдесін орындады деп ойлаймын.

Сөз соңында елінің айтулы азаматы Жүрсін Молдашұлын тағы бір қырынан көрсеткенді жөн көрдім. Ол орта жастан асқан шағында имандылық жолына бет бұрып, Мекке-Мәдинеге барып тәу етіп, Аллаһтың сауабы үшін мұсылмандық борышын өтеп қайтты. Сол сапардан оралғаннан кейін Жүрсін қажы шалғайда жатқан өзінің туған ауылына имандылық үйін салып берді. Мешітке Ұлы Отан соғысының отты жылдарында елін басқыншы жаудан қорғауға қатысып, Харьков қаласы түбіндегі қанды шайқаста қаза тапқан бауыры, Кеңес Армиясының аға лейтенанты Әбдіғали Баржақсыұлының есімін берді. Азаматтың бұл ісіне ауылдастары дән риза болысты.

Шамхан Рахметов, журналист, КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі белгісінің иегері.

Комментарии закрыты.