Жастар форумы

20140711-07-02Астана күні мерекесіне орай жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мұз сарайында қала әкімі Әнуар Омардың, әкімнің орынбасары С.Имамбайдың жастармен кездесуі өткізілді.

«Туған жер тағдыры – менің тағдырым!» атты форумға қаладан тыс Қарағанды, Алматы, Астана, Жезқазғанда оқитын жас сәтбаевтықтар қатысты. Сондай-ақ, форумға арнайы қонақ ретінде бірқатар мекеме басшылары да келді.

Форумға қатысушылар үшін ұйымдастырушылар тарапынан Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі ақпараттық кітапшалар таратылды. Форумның негізгі мақсаты – өзге қалада білім алып жатқан жастарды туған жерлерінде еңбектенуге шақыру. Әнуар Омар өз сөзінде қазба байлықтарының әлі де болса халық игілігіне жаратуға жететіндігін алға тартты. Ол «Сәтбаев қаласының келешегі жарқын. Бүгінгі таңда кейбір мамандықтарға сұраныс тапшы болғанымен, болашақта оларды да кең ауқымда қамтамасыз ету қажет. Біздің қаламыз үшін туризим саласы өте пайдалы деп айтар едім. Себебі, туристік орын салынса, туристер өзімен өзі пайда болмақ» деді.

Әрине, қаламыздың болашағы жоқ деп ойлау әбестік. Кез-келген еңбекке қабілетті жас маманның өзінің мүмкіндігін, бәсекелестікке қабілеттілігін, білімін дәлелдеуге мүмкіндігі мол. Сондықтан, қаламыздың ертеңі үшін Сәтбаев жастарын еңбекке баулу, олардың тың идеяларын өсіп-өркендеу жолына бағыттау қажет.

Форум барысында қала жастары әкімге өздерін толғандырған сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Жастар тарапынан жұмысқа орналасу мәселесі көп қозғалды. Сұрақ-жауаптың соңы елу жылдан кейінгі Сәтбаев қаласы турасында өрбіді. Оған әркім өз ойын білдіріп, армандарын ортаға салды. Ал, Ә.Омар «Мен Сәтбаевты келешекте құрылысы қарқынды дамыған қала ретінде көремін» деп жауап берді. Форумнан кейін қатысушылар үшін кофе-брейк өткізілді.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ. Фото автордікі.

Комментарии закрыты.