«Бюджет қоржыны салықтан құралады», – дейді қалалық салық басқармасының бастығы М.Серікбаев

20140711-02-02Салық органдары – қаржы және экономика қауіпсіздігінің маңызды сұрақтарын шешуде мемлекеттің сенімді тірегі болып табылады. Салық төлемдері мен кіріс түсімдерінің арқасында мемлекет өзінің азаматтары алдында әлеуметтік функцияларын орындап отыр. Биыл елімізде осы комитеттің құрылғанына 22 жыл. Осынау мерейлі мереке қарсаңында біз Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасының басшысы Мылтықбай Серікбаевқа жолығып, басқарманың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелескен едік.

– Мылтықбай Қордабайұлы, өзіңіз басқаратын қалалық салық басқармасы төл тойларын қандай табыстармен қарсы алып отыр? Әңгімені содан бастасақ.

– Жалпы, жергілікті жердегі бюджет қоржынының қомақты бөлігі салықтан түсетін түрлі төлемдердің негізінде құралатынын ескерсек, біздің басқарма төл мерекені толайым табыстармен қарсы алып отыр деп айтуға негіз бар. Қала бойынша салықтан түсетін түсімдер мен түрлі төлемдер 101 процентке орындалды. Басқармаға қарасты барлық бөлімдер осы бағытта жұдырықтай жұмылып жұмыс істеді. Өйткені, бір тиынын екі еткісі келетін кейбір түсінігі төмен кәсіпкерлерден тиісті төлемдерді талап етудің өзі үлкен күш. Соған қарамастан, біз өз ісімізді мінсіз атқаруға тырыстық. Әрине, кәсіп иелеріне салықты жасырмай, нақтылы төлеудің елге тигізер пайдасы зор екенін де түсіндіріп бақтық.

– Сөзіңізге қарағанда, салықтан жалтаратындар, табысын жасыратындар көп болды ғой?

– Бұл біздің Сәтбаев қаласына ғана емес, тұтас Қазақстанға тән бас ауруына айналды. Елбасы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында орта және шағын бизнеспен айналысатын тұлғаларға түрлі тексерістер жасауға мораторий жариялады емес пе. Мемлекет басшысының ондағы ойы халықтың сана-сезімі оянып, салық түрлері мен түрлі төлемдерді ешкімнің күштеуінсіз, өз еріктерімен төлеуге үйренсін дегендік те болатын. Алайда, Елбасының бұл қамқорлығын бас пайдасына жаратқысы келетін кәсіп иелері көбейіп кетті. Олар түскен түсімдерін де, жұмыс күштерін де жасырып, «көлеңкелі экономикаға» алаңсыз көшіп алды. Бұл, әсіресе, мейрамхана, автошеберхана иелеріне тән. Мысалы, бір тойхана, не мейрамхана айына бірнеше мыңдаған адамға қызмет көрсетсе, бізге беретін ақпаратында оны бар-жоғы бірнеше жүздермен ғана шектеп қояды. Тіпті, кейбіреулері өткен айдағы көрсеткіштен де төмен береді. Әрине, соған сай салық пен түрлі төлемдер де кеміп отыр.

– Оның алдын алуда қандай жұмыстар жасап отырсыздар? Сіздерге тексеруге болмайды ғой.

– Міне, осы жайт біздің қолымызды байлап отыр. Біз бар болғаны кәсіпкерлік иесіне, тиісті құзырлы орындарға хаттамалар ғана жіберіп, азғантай төлемнің өзін уақытылы төлеп отыруын талап етумен ғана шектеліп келеміз.

– Әлгінде өзіңіз «жергілікті бюджет түсімі осы салықтан құралады» демедіңіз бе. Сонда қала бюджеті де белгілі бір деңгейде толмай қалып жатыр ғой?

– Дұрыс айтасыз. Салықтың кеміп кетуі бюджетке түсетін түсімнің де азаюына әкеліп соғуда. Бірақ, біз алдын ала жасалған жоба-жоспарда белгіленген салық пен өзге де түсімдерді ай сайын бір тиынын шашау шығармай жинап алып отырмыз.

– Осы бағытта жоғары жақтағыларға мәселе көтеріп, жағдайды түсіндіріп көрдіңіздер ме?

– Әлбетте. Департаментке тоқсан сайын хабарлама жазып, салық жеңілдіктерін тек отандық тауар өндірушілерге ғана жасаған дұрыс. Ал, өзге кәсіп иелеріне басқаша талап қойған жөн дегенді айтудай айтып жатырмыз. Мысалы, патент алған кәсіпкердің жұмыскер жалдауға құқығы жоқ. Яғни, ол барлық істі өзі істеуі керек. Ал, бізде бәрі басқаша. Саудагердің патенті бар, бірақ, саудада адам жалдап отыр. Автошеберхана иесінің патенті бар. Бірақ, шеберханада екі-үш слесарь жұмыс істер жүр. Оларға азғана тиын-тебен төлеп қояды. Алайда, зейнетақы қорына қаржы аударып отыр ма, әлеуметтік салық аударыла ма, ол беймәлім. Оны тексеруге құқымыз жоқ. Осының бәрі жоғары жаққа жетіп жатыр. Бірақ, ханда екі жарлық болмайды ғой. Елбасы айтты, орындалуы керек.

– Қызығынан қиындығы басым салада тер төгіп жүрген ұжымыңыз жайлы қысқаша айта кетсеңіз.

– Қалалық салық басқармасында 12 қызметкер жұмыс жасайды, мамандардың басым бөлігі – жастар. Көп жылдардан бері осы салада еңбек етіп жүрген тәжірибелі мамандар да жеткілікті. Атап айтқанда, салық төлеушілермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Бибісара Баекенова, салықтық бақылау бөлімінің басшысы Ләйла Әлиқұлова бұл салада жиырма жылдан астам еңбек етіп, қалалық салық басқармасының өсіп, өркендеуіне үлес қосқан жандар. Осы тәжірибелі мамандар қатарына жуырда Жезқазған қалалық салық басқармасынан қызмет бабымен келген Қайрат Хасеновты қосуға болады. Оның да осы салық саласында жиырма жылдық еңбек өтілі бар.

Әңгімемнің басында ұжымымызда жастар да көп екенін айтып өттім ғой. Солардың қатары биыл тағы бір жас маманмен толықты. Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп келген Қазыбек Джанабергенов күні кеше ғана жұмысқа қабылданды. Бүгін, осы төл мереке құрметіне орай ол ұжым алдында салтанатты түрде ант қабылдады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.