«Айгөлек» қызыққа толы

Балалардың жазғы демалысын тиімді әрі қызықты өткізу мақсатында құрылған жазғы сауықтыру алаңдарына деген сұраныс бүгінде ата-ана мен бүлдіршіндер тарапынан қолдау тауып отыр. Өйткені, көп отбасының балаларын өзге қаладағы жазғы лагерълерге жіберуге мүмкіндігі жоқ. Қалалық әкімдік пен білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен жыл санап қатары өсіп келе жатқан бұл алаңның бірі – 16 орта мектеп оқушыларының жазғы демалатын орталығына айналды.

20140718-11-3Бірінші кезеңді сәтті аяқтаған бұл білім ошағындағы «Айгөлек» жазғы сауықтыру алаңының екінші кезеңінде 250 бала өздерінің демалыстарын қызықты өткізуде.

– Сауықтыру алаңындағы балалар 10 топқа бөлінген. Әр топтың өзінің аты, ұраны бар. Біз балалардың әр күнін қызықты ету мақсатында көптеген бағдарламалар ұйымдастырып отырамыз. Екінші кезеңнің ашылу салтанатын біз елордамыз – Астананың 16 жылдық туған күніне арнадық. Мұндағы балалардың әрқайсысы өнерлі, бірі өлең айтса, бірі би билейді. Қыл қаламнан көркем туынды шығарып жүрген жас таланттар да осында. Оған дәлел мына мектеп алаңына оқушыларымыз Астананың көркем де сұлу жерлерін бейнелеп жатыр.

Ал, бишілер мен әншілердің өнерін Астана күніне арнаған концерттік бағдарламадан анық көріп отырсыз. Бұндағы балаларға үш мезгіл тамақ, дәрумендер беріліп, денсаулықтары қадағаланып тұрады, – дейді сауықтыру алаңының басшысы Гүлнұр Достияр.

Сауықтыру алаңындағы балалардың күшімен қойылған Астана күніне арналған концерттік бағдарламада алаң басшысы айтқандай өнерлі өрендер ән мен биден кенде еместіктерін білдірді.

Бір сөзбен айтқанда, балалар қызыққа толы алаңда асыр салып ойнап жүр.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.