Бауыржан Балтабеков: «Дін мәселесінде тұрақтылық ауадай қажет»

20140718-04-1Бүгінгі таңда елімізде діни тұрақтылықты сақтау, халықтың діни сауаттылығын арттырып, ақ пен қараның аражігін ажырату мәселесі өткір тұр. Сан тараптан келген ағымдардың жалған ақпаратына құлақ түріп, ақида жолын бұрмалаушылардың қатары көбейді. Оған діни сауаттылықтың төмендігі себепкер болып отыр. Дін төңірегіндегі түйткілді мәселелер жөнінде қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Бауыржан Балтабековпен сұхбаттасып, біраз ой өрбіткен болатынбыз.

– Бауыржан Құмарғазыұлы, Арқа аймағындағы кеншілердің қаласына келгеніңізге де үш айдай болыпты. Жалпы қаладағы діни ахуал мен тұрғындардың сауаттылығы қандай?

– Уақыт деген арғымақ ешкімге дес бермейді ғой. Үш ай кейбір жағдайларда көп көрінгенмен, діннің мәселесін шешуде ол өте аз уақыт. Әрине, қалада діни сауаттылықтың деңгейі бір қалыпта. Жасы мен жасамысы жұма намаздарында сәждеге бас иеді. Қуантарлығы осы болса, өкінішті жағы – жалған ағымнан сабақ алып жүргендер де бар екен. Орталық мешіттің бас имамы болып тағайындалғаннан бергі уақытта бәлкім, толық танымай жатыр ма, әлде мешіттің мәртебесі бола тұрса да, имамға деген сенімнің жоқтығы ма жеке өзіме келіп, Ислам дінінің төңірегінде сұрақ қойған бір де бір кісіні жолықтырған жоқпын. Әрине, сенімсіздік пайда болған жерде халықтың ықылас-пейілі де төмен шығар. Егер де біз жат ағымдардан қоғамды тазартамыз деп алдымызға мақсат қойсақ, ең әуелі сенім мәселесіне көңіл аударуымыз қажет.

– Осы саланың маманы ретінде еліміздегі діннің бүгінгі бет алысына қандай баға бересіз?

– Қазіргі күні елімізде діни ахуал бір жүйеге түсіп келе жатыр. Салыс-тырмалы түрде алып қарар болсақ, о баста діни кадрлар тапшы болды. Қаншама бауырларымыз Ислам әлеміндегі беделді оқу орындарында білім алды. Өзіміздің қарилар жүйесі құрылды. 1990 жылы елімізде не бары 25 мешіт болса, қазір 2500-ге жетті. Оның сыртында діни сайттар мен баспалар жарыққа шықты. Жамағаттың да діни мәселеге деген көзқарасы біршама оңтайланды. Атап айтар болсам, бұрын халық садақа, құдайы ас төңірегінен аспайтын әңгімеден шыға алмай жүрсе, соңғы жылдары зекет, ораза, қажылық төңірегінде ой қозғап жүр. Дей тұрғанмен де діннен ақаулар кетті. Әлбетте, оған біреуді кінәлай алмаймыз. Бүгінгі күннің бас ауруына айналған дәстүрлі емес діни ағымдар еліміз тәуелсіздігін алар-алмастан заңның тетіктері реттелмей тұрғанда шекараға еніп кетті. Алайда, халық Әбу ханифа мазхабын ұстанып қалды.

Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауларында да дәстүрлі Әбу ханифа мазхабының айналасында топтасып, бірлікте, татулықта ғұмыр кешуге шақырып жүр.

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» дейді. Саңырау құлақтай қаптаған діни сауатын шала-шарпы ашқандардың қатарының көбейіп кеткені ешкімге жасырын емес. Міне, осының әсерінен елде осы мәселе туындап отыр. Біздің дін мәселесінде бағынатын орталығымыз ол – Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы. Бұл ұйым Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдап, елдегі діни мәселені шешіп отыр.

Жалпы алғанда, еліміздегі діни тұрақтылық қоғамның әр мүшесін ойландыруын қажет етеді.

– Жасыратыны жоқ, жат ағымның шырмауына байланып, өзге елдің сойылын соғып кеткендер аз емес. Кейінгілердің солардың соңынан кетіп қалмауы үшін қандай әрекет жасалуы керек?

– Діни басқарма бұл мәселемен де айналысуда. Ең бастысы халықтың сауаттылығын ашу қажет. Әр жұма намазында жиналған қауымға Ислам дінінің асыл құндылығын жіктеп-жіктеп айтып жатырмыз. Бұл бір күнде шешіліп кете қоятын мәселе емес. Мұны жеңу үшін бізге бірлік ауадай қажет. Жан-жаққа тартқыласақ, өгізіміз де өліп, арбамыз да сынып қалатыны ақиқат. Сондықтан бірлікте болайық, ағайын!

Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

Ең бірінші – халықпен ашық диалог алаңын құру мәселесін қолға алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, діни ақпараттық-насихат тобының жұмысын одан әрі жандандыра түсу.

Олай болса, іске сәт!

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов.Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.