Аты дардай, ісі жұрдай

20140725-05-2Жыл сайын шілде айының үшінші жексенбісінде еңбектің ері санатындағы металлургтер күнін атап өтеміз. Өте ыстық температурада жанған оттың жалынын жүрек пен білектің қайратымен еңсерген қайсар маман иелерінің төл мерекесін жезқазғандықтар дүркіретіп өткізді. Осы орайда Сәтбаев қаласының да өзіндік қосқан үлесі бар.

Біз қалалық Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхана ұйымдастырған «Металлург еңбегі – елдің тірегі» атты кітап көрмесіне қатысып қайтқан едік. Кітап көрмесінің негізгі мақсаты – металлургтер еңбегін айшықтап жазған газет баспаларымен, кітаптармен таныстыру еді. Сөреден Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерімен қатар Қарағанды туралы жарық көрген кітаптар орын алыпты. Бұл іс-шараны өткізу кітапханашы Б.Бикееваның мойнына жүктелген екен.

Белді деген, еңбек өтілі бар маман міндетін өз деңгейінде атқара алмады. Мүдіріп, қайта-қайта қателесіп, бастауыш сынып оқушыларына тән қылық танытты. Әйтеуір, айтып шықты-ау. Негізгі жоспарға сай, бізге жіберілген қатынас қағазында жазылғандай слайд-шоу көрсетілуі тиіс екен. Алайда, өр өлкемізден шыққан бір металлургтің аты аталмады. Құрғақ сөз бен жалаң әңгіме болды. Дыбыссыз көрсетіліммен Нұрлан Абдулиннің металлургтерге арнаған бейнебаянының ұсынылуы да түсініксіз болды.

Көрермен жоқ. Белгіленген уақытынан кешіктіріңкіреп, ақыры кітап-хана қызметкерлерін жиып алды. Жалпы шараның мақсаты «өткізбедіңдер» деген сын сөзден аулақ болу сияқты. Ал оның өтілу барысына, дайындығына ден қойылмаған. БАҚ өкілдерін арнайы шақыртқан соң мұндай төмен деңгейде өтеді деп ойламадық. Теледидарға сұхбат бергенде, бір керемет жұмыс жасағандай сайрайды. Аты дардай, ісі жұрдайдың кері болды бұл шара. Біздің міндетіміз – өткен дүниені қаз-қалпында жария ету. Тілшілердің кішігірім іс-шараны таудай етіп жазатындарына кейбіреулер арқа сүйеп алған сияқты. Өзіңнің де, өзгенің де уақытын алмай, алдамай, мақсатты іс істеген жөн болар.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.