Күлтегінше күлтелі жыр жазылған ескерткіш тас-белгі қойылды

20140725-06-1-220140725-06-1-1Ата-баба рухына тағзым етіп, әулиелерді кие тұту ұлтымыздың қанына сіңген қасиет. Бұл әсіресе, еліміз егемендік алғаннан бастап кең қанат жая бастады. «Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды» деген ел халқының бірлігі мен елінің тұтастығы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен батыр бабаларымыз бен от ауызды, орақ тілді шешен даналарымыздың рухына дұға бағыштап, ас беріп, ескерт-кіш белгілер орнатып жатыр бүгінде. Сондай бір ұлағатты іс біздің аймағымызда да болып өтті.

Жуырда, Аманғұл атаның ұрпақтары Қумола өзенінің бойындағы еңселі бір төбенің басына биіктігі 4-5 метр болатындай, бетінде Күлтегінше күлтелі жыр жазылған ескерткіш тас-белгі орнатты.

Бастауын Кішітаудан алатын Қумола өзені талай сырды ішіне бүгіп, мүлгіп жатыр. Есте жоқ сонау ескі замандардан жеткен аңыз, әфсаналарға құлақ түрер болсақ, бұл өзеннің бір кездері «Қожамжар» атанғанын білер едік. Сол аңыз, әфсаналар бізге осы өлкеде аң мен құстың жыртылып-айырылғанын, сол даланың тағысын аулап жүріп кешегі әлемнің әміршісі атанған Шыңғыс ханның Жошыдан туған немересін осы өңірде құлан шайнап өлтіргенін жеткізген еді. Оған Кетбұқа бабамыздан қалған «Ақсақ құлан» күйі куә.

Міне, Кетбұқадай дана, дара тұлғаның табанының ізі қалған Қумола өзенінің бойын бертін келе Бағаналы Аманғұл ұрпақтары мекен етті. Бір рулы елдің басы, ақылшысы болған Аманғұл да Кетбұқа бабасындай елінің, жерінің тыныштығын, бірлігін сақтау жолында ат үстінен түспеген, дара тұлғалардың бірі болған екен. Кетбұқа заманынан бері мекен етіп келе жатқан Қожас әулетінің киелі жерін мұрагер ретінде түкпілікті атамекен еткен рубасы Аманғұл өз заманында елдіктің туын жықпады. Ең бастысы, тарихи орынды жаудан қорғап, кейінгі ұрпағына мирас етті.

Қумола өзенінің бойындағы биік төбе басына орнатылған тас-белгінің ашылу салтанатына жиналған жұртшылық ұрпаққа үлгі боларлық осындай тарихи тағылымы бар әңгімелер айтты.

– Біздің бүгінгі ісіміз кешегі Күлтегін бабамыздың тасқа басылған дастанының жалғасы іспетті. Осы жерде өткен бабаларымыздың есімін мәңгілік есте қалдыру үшін тасқа қашап жаздық. Ал, бұл ескерткіш тас-белгіні неге осы төбенің басына орнатты деген заңды сұрақтың да туындауы мүмкін. Оның да өзіндік себебі бар. Кешегі, Жошы ханның құлан шайнап өлтірген баласының бармағы дәл осы төбеге жерленген деген де аңыз бар, – деп әңгімесін әріден қозғаған аймағымызға белгілі қаламгер Тоғанбай қажы Құлманұлы ел тарихы, жер тарихы жайлы тағылымды әңгіме қозғаса, оның сөзін белгілі журналист Сәбит Байдалы байыппен жалғап, бүгінгі іс-шараның мақсатын айқындай түсті.

Асылы, қазақ атасын ардақтап, анасын сыйлаған, аруағын қастерлеп, құдайға сиынған ел. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз. Ата-баба рухына тағзым етіп ас беру – барлық пен байлықтан немесе атақ шығару үшін жасалып жатқан шаруа емес. Ас беру дәстүрі халқымызда сонау заманнан бері бар. Ал, оның бүгінгі күнде жалғасын табуы ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет. Бабаларының есімін ұлықтап, рухына тағзым етумен қатар, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген мақсатпен олардың басына ескерткіш тас қойып, ас берген әулеттің бұл ісінен береке-бірлікті көруге болатын. Сондай- ақ, ғибраты мол осынау шараның өткізілуіне ұйымшыл әулеттің барлық мүшелері бір кісідей атсалысты.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.