«Отаншыл — 2014» – ел патриоттарының форумы

20140725-03-1-120140725-03-1-2Үстіміздегі жылдың 8-12 шілдесі аралығында қасиетті қарт Ұлытаудың баурайындағы «Болатсай» демалыс орнында ел патриоттарының аймақтық дәстүрлі «Отаншыл — 2014» форумы болып өтті. Жастардың білімі мен білігін көтеруді мақсат еткен бұл айшықты шара аймағымызда осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Оның бұл жолғы қанат жаюына Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Сәтбаев қалалық филиалы қолдау көрсетті.

Қазақтың көшесіз көне әрі тарихи астанасы, ашық аспан астында жатқан мұражайы болып саналатын Ұлытау баурайында өткен бұл іс-шара жастарға шалқар шабыт, жігер берді. Ел патриоттарының форумына қатысушылар елге құрметтің нағыз үлгісін көрсетті. Жастар ғана емес, форумға қатысушылар арасында әр түрлі мамандықтың иелері, аға буын өкілдері болды.

8 шілде күні форумға қатысушы делегаттар белгіленген орынға келіп, жайғасты. Жалпы бұл іс-шараға Қарағанды облысының 12 аумағынан, атап айтқанда, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран, Приозерск, Қаражал, Абай қалалары мен Бұқар Жырау, Жаңаарқа, Ұлытау, Шет аудандарынан жалынды жастар жиналды.

Форумның салтанатты ашылу рәсіміне Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев және Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Берік Ақышбеков қатысты.

– Елін, жерін, Отанын сүйетін, Отаны үшін отқа да түсуге әзір азаматтарды патриоттар, отаншылдар деп айтамыз. Міне, бүгін киелі Ұлытау төріне, кеше, елдің бірлігі, тұтастығы үшін бас қосқан батыр бабаларымыздың табаны тиген топыраққа, Баубек пен Мұқан сынды қазақтың ұлтжанды ұлдарының туған жеріне, Болман, Тайжан, Иманжан сынды дүлділдердің жырымен сусындап өскен бүгінгі ұрпақтың еліне келіп, осымен төртінші рет патриоттар форумын өткізіп отырсыздар. Осы істеріңізбен-ақ, сіздер өздеріңіздің отансүйгіш, шынайы патриот екендеріңізді дәлелдедіңіздір. Сіздердің бұл істеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық, – деді форумның ашылу салтанатында аймақтан жиналған жастарды құттықтаған Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін қала әкімінің дарынды жастармен бейресми кездесуі және жастарға арналған би кеші ұйымдастырылды. Сол күні жастар үшін жалпы тренинг өткізілді.

Форумның екінші күні «Жастар арасында азаматтық белсенділікті арттыру» деген тақырыптағы азаматтық конференциямен басталды. Конференцияны Жезқазған аймақтық «Наше время» газетінің бас редакторы Нурия Ильясова жүргізді.

Спикерлер ретінде Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықова, Саран қалалық жастар орталығының басшысы Әлібек Рахымжан пікір алмасты.

Сонымен қатар, конференция аясында «Дін және қазіргі орта» тақырыбында пікір сайысы болып өтті. Оған «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің теологы Нұрсұлтан Мамедалиев қатысып, форум делегаттарының толғандырған көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

Патриоттар форумының үшінші күнінде «Табыс формуласы, жастардың жауабы» атты бизнес-конференция өтті.

Конференцияға спикерлер ретінде Сәтбаев қаласы мәслихатының депутаты, Сәтбаев қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, «Сәтбаев қаласы кәсіпкерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, жеке кәсіпкер Қиясбек Әділбаев, жеке кәсіпкерлер – Шолпан және Анар Жангаскиновалар қатысты.

Конференция барысында кәсіпкер-лікті мемлекеттік қолдау, қала кәсіпкерлерінің тәжірибесі, шағын және орта бизнес қажеттілігі сияқты өзекті мәселелер жан-жақты сөз болды.

Конференция аясында сонымен қатар, жас кәсіпкерлер көрмесі мен жеке кәсіпкер Шолпан Жангаскинованың шеберлік сабағы өткізілді.

11 шілде күні форум аясында Спорт күні өтті. Спорттық бағдарлама аясында 400 метрге жүгіруден эстафета және футбол турнирі өткізілді.

Сол күні түскі астан кейін, Ұлытау тауының баурайында фото квест және «Жіп курсы» командалық тренингтері ұйымдастырылды. Оған делегаттар 2 топқа бөлініп қатысты.

Кешкісін форумның салтанатты жабылуы өтіп, белсенді делегаттар мен ұйымдастырушылар қала әкімінің грамоталары және форум сертификаттарымен марапатталды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.