Гүлмен көмкерілген аулалар

20140725-12-1-120140725-12-1-2Әсемдік, сұлулық, пәктіктің символына айналған әлемдегі ең нәзік нәрсе – гүл. Адамның адамға деген пейілі мен шынайы сезіміне құрмет ретінде көп жағдайда гүл ұсынатынымыз ақиқат. Сұлулығымен көз тартатын гүлмен әр шаһардың ажарын да ашуға болады. Қаланы гүлмен көмкеріп, әспеттеу мәселесі бүгінгі таңда кенжелеп тұр. Алайда, бұл мәселені өз беттерінше шешіп, мекемелерінің алдын гүлмен көмкергендер де жоқ емес. Солардың бірі – Алевтина Абилованың жеке нотариалдық кеңсесі мен №25 орта мектеп.

Алевтина Есбатырқызы басқаратын кеңсенің алдындағы көз сүріндірер гүлдер келушілердің жанына жайлылық сыйлап, сергітіп тастайды.

Кеңсе қызметкерлерінің айтуынша, ұжымның мұндай сұлулыққа деген сүйіспеншіліктеріне көп тұрғын риза.

Заң тұрғысынан көмек беретін жеке нотариустық кеңсенің ажарын ашып тұрған сан алуан гүлдерге сүйсінбей өтпеу мүмкін емес.

Майра Темірбекова басшылық жасайтын №25 орта мектеп былтыр күрделі жөндеуден өткен соң, білім ошағының бос жатқан орындарын абаттандыру ісін қолға алған. Бір көрген жан бұл білім ошағындағы әр мұғалімді бағбан деп қалары анық. Себебі, мұнда гүл отырғызып, айналасын гүлмен әспеттеу биыл бірінші рет қолға алынып отырса да нәтиже жаман емес.

– Мектептің ауласын абаттандыру, бос жатқан жерлерге түрен салып, айналасын гүлзарға айналдыру ісі көптен ойластырылып жүрген іс еді. Биыл сәті түсті. Гүл отырғызу ісін қолға алғанда оқушылардың ата-аналары мен ұстаздар қауымы қызу кірісті. Солтүстік Жезқазған кенішінде жұмыс істейтін ата-аналар топырақ төгіп берді. Бастауыш сынып мұғалімдері мектептің артындағы алаңдағы гүлді баптап, күтіп отырады. Қалада су қысымының аздығына байланысты, көп жерге гүл еге алмай отырмыз. Келер жылы гүл алаңын кеңейту ойда бар, – дейді мектеп басшысының шаруашылық жөніндегі орынбасары Тамара Подчикеро.

Біз көп жағдайда гүл отырғызуды еріккеннің ермегі деп санайтынымыз шындық. Алайда, ерінбей гүл баптағанның еңбегі елеусіз қалмайтынын ескере бермейтін сыңайлымыз. Олай дейтін себебіміз, сіздің мекемеңіздің алды гүлге жайқалып тұрса, халықтың да көзқарасы ерек-ше болатындығына күмән жоқ.

Жан сүйсіндірген осындай істі қолға алған аталмыш қос мекеменің бастамасын өзге ұжымдар да қолға алып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.