Еңбекпен ер атанған

20140801-06-1-1Адалдықты ту еткен азамат

Алатаудай асқақ, қаратаудай қазыналы, Ақжайықтай тұнық арлы азамат Кұлмырзин Шәріп Шахманұлы 1938 жылдың 12 мамырында Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Ақкеңсе кеңшарында дүниеге келді.

Осындай қазақтың ер азаматын дүниеге әкелген аяулы да ардақты ата-анасы, Шахман ата мен Жаңылшақ ана үлгілі-өнегелі отбасы еді. Бірінші сыныптан, жетінші сыныпқа дейін Ақкеңседе оқып, 1956 жылы №8 орта мектепті Жезқазған қаласында аяқтаған. Онжылдықты бітірген соң, ауылда Ақкеңсе мектебінде, мектеп-интернатында тәрбиеші, әрі ұстаз болған. 1960 жылдан 1964 жылға дейін Жетіқоңыр совхозында ферма есепшісі қызметін атқарған. Жұмыс істей жүріп сырттай Алматыдағы зоотехникалық- малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны 1966 жылы бітірген соң, XXIII партсъезд совхозында бас зоотехник болып еңбек етті. Бұл қызметінде де ол шаруашылықты жетік білетін білікті маман ретінде танылды. Қоғам малының шығынсыз өсіп, көбеюіне, ауыл экономикасының көтерілуіне өзінің лайықты үлесін қосты. Мал маманы ретінде шаруашылықта абыроймен атқарып, жоғары білімді зоотехник болды.

Жұмысында зоотехникалық ғылымның жетістіктерін басшылыққа алып отырды. Шәріп Шахманұлы Жетіқоңыр кеңшарының №3 фермасында еңбек атқарған кезінде мал басы жоспардан артық 170 пайызға өсіп, мал өнімдерінің сапасы артты. Ол шаруашылық экономикасын дамытуға игі ықпал жасап отырды. 1969 жылдан 1975 жылға дейін XXIII партсъезд совхозында директордың орынбасары, 1975 жылдың аяғында Жетіқоңыр совхозының № 3 фермасында ферма басшысы, одан кейін 1983 жылдан 1987 жылға дейін Жетіқоңыр совхозының бас зоотехнигі болды. 1987 жылдан 1991 жылға дейін қызметі Жезді ауданына ауысып, шикізат даярлайтын мекеменің директор қызметін абыроймен атқарды. 1991 жылдан 1993 жылға дейін Жезді ауданында құрылған зейнетақы қорының басқарушысы болып қызмет етті. 1993 жылы зейнеткерлікке шықты. Әрбір атқарған қызметін бар ынта-жігерімен орындады. Оның қызмет баспалдағында жеткен әрбір жетістігі өзінің маңдай терімен, еңбегімен келді. Ол атақ-абырой, мансап, байлық үшін қызмет атқарған жоқ, ол елі, жері үшін еңбек атқарды.

 

Жүрегі кең, көңілі дархан жан

20140801-06-1-2Адам баласының өмірдегі үш міндеті: құмда құдық қазу, өзенге көпір салу, жапан далаға ағаш отырғызу болса, Шәріп Шахманұлы осы парызын іске асырып, ел игілігіне еңбек етті. Ат жалын тартып, еңбекке араласқаннан бастап, өмірден өткенше «Еңбегім еліме, елімнен қалса ғана ерніме» деп адал өмір сүрді. Халқымызда «Аттың бәрі қазанат емес, жігіттің бәрі азамат емес», деген нақыл сөз бар. Шәріп Құлмырзин «тазалықты жаныма халқым берген», деп адалдықтың адал жібін аттамады, құлқынның құлы болмады, пендешілікке бармады, азаматтығынан жаңылмады, биігінен аласармады. Алыс-ты жақын, бөтенді бауыр еткен кішіпейіл, қарапайым, жаны таза, жан-дүниесі жақсылықтан өрілген, айналасына жақсылық жасауға, қуантуға асығып, мейірім шуағын шашып жүрген үлкен әдептің, ел-жұрт пана тұтып, арқа сүйер аға еді. Қай жерде, қай салада қызмет атқарса да ол жоғары жаупкершіліктің, еңбекті сүюдің үлгісін танытты, өнегесін көрсетті. Елінің ертеңі үшін жанын салып, аянбай еңбек етті. Ол кісінің бойындағы адалдық, қарапайымдылық, адамгершілік, білімділік, еңбек адамдарымен жұмыс істей білетіндігі, жүктелген іске деген жауапкершілік қасиеттері бір-бірімен үйлесімді ұштасып жататын. Осы қасиеттерінің арқасында ол қатардағы есеп қызметкерінен, бас зоотехниктен, совхоз директорының орынбасарлығы қызметіне дейін көтеріліп, бұл жұмысты көптеген жылдар бойы абыроймен атқарды. Кейін аудандық деңгейдегі мекеменің басшысы болды. Ол қайда жүрсе де, бір үйлі жанның емес, бір ауылдың ұйытқысы бола білді. Өмірде өзіңе жамандықтан жиренуде, жақсылықты үйренуде, қызметті терең игеруде де үлгі ететін жандардың бірі – Құлмырзин Шәріп. Өмірі мағыналы да, өнегелі болды. Бұл фәни дүниеде ғұмыр қымбат. «Өмірден адамға сенім қымбат. Байлығыңнан көңіл қымбат» деген даналар. Шәріп Шахманұлы – сенімге селкеу түсірмеген, ешкімге қылдай қиянат жасамаған, ешкімнің көңілін қалдырмаған, кісілік атты шыңның кішілік атты биігінен көрінген тұғыры биік азамат еді. Ол кісінің бітімі, болмысы бөлек, парасат пайымы ерекше туған жан болатын. Адамға жақсылық жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді, жақсылар ғана жан-жағына көлеңкесін түсіретін, мәуелі жемісін беретін алып бәйтерек іспеттес. Өз заманының мәуелі бәйтерегіне айналған оның жарқын бейнесі күн өткен сайын биіктеп барады. Шығыстың Ұлы ойшылы Сағди «Жаратқанның пендесіне берген үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы», деген. Бүгінде аяулы азаматтың артында өшпес ісі, ізгілікті ізі қалды.

 

Өнегелі шаңырақтың тірегі еді…

20140801-06-1-3Шәріп Шахманұлы білікті маман, іскер басшы, адал дос болуымен қатар өнегелі шаңырақтың тірегі бола білді. Оның шаңырағында татулықтың, берекенің, сыйластықтың лебі есіп тұрушы еді. 45 жыл отасқан байсалды, сабырлы, ізденуге, еңбектенуге құмар, жаны жақсылықты сүйетін жан жары Көшербаева Сағынтай Жәкенқызымен бірге балаларын ізгілікке, адамгершілікке, адаммен сыйласа білуге үйретіп, тәрбиеледі. Сағынтай апай талай адамды ажалдан арашалап алып қалған, тәжірбиелі медбибі қызметінде болды. Шәріп ата мен Сағынтай апай ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырып, үбірлі-шүбірлі, ақар-шақар өмір кешіп, отбасының алтын діңгегі болып отыр. «Әке көрген оқ жонар» деп қазақ атамыз айтқандай Шәріп Шахманұлының балаларының бәрі де әке сенімін ақтайтын жақсы азамат болып қалыптасты. Қызы Жанат – 1987 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық политехникалық институтын металлургия экономикасы инженері мамандығы бойынша тәмамдап, Жезқазған қаласында «Халық банкінде» жұмыс атқарады, ұлы Жағыпар – 1984 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық политехникалық институтының тау-кен инженері мамандығына түсіп, 1991 жылы тәмамдады. Бүгінгі таңда Қарағанды қаласында «Қазақмыс» корпорациясының орталық аппаратында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында жобаларды лицензиялау, келісу және бекіту бөлімін басқарады. Кенже баласы Ерболат – Талап совхоз техникумын тәмамдап, бүгінгі таңда Жомарт кенішінде қызмет атқаруда. Жиендері Бекзат, Мөлдір, немерелері Ерасыл, Дінмұханбет, Жансая, Назгүл, Аяулым, Інжу-маржан көңілдің де, көздің де, қуаныштары.

Шәріп Шахманұлы өмірден озғанымен артында ұрпағы қалды. Балалары мен немере-шөберелері әкелері салып берген сара жолмен жүріп, ел тізгінін ұстаған азаматтар атанды.

Р.Ибраева.

Комментарии закрыты.